Жаңалықтар

Қарағандыда көпқабатты үйде газ жарылды

Оқиға орын алған пәтерден үш адамның мәйіті табылды
Қарағандыда көпқабатты үйде газ жарылды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі 10.01.2023 22:35 1602

Қарағанды қаласында көпқабатты үйде газ жарылды, деп хабарлайды El.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдай 16 қабатты 127 пәтерлі тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерінде жарылыс салдарынан болған.

Өкінішке қарай, қайғылы жағдай орын алған пәтерден үш адамның мәйіті табылды. 

Тексеру жүргізу кезінде үш адамның (екі ер адам мен бір әйел) мәйіті табылды. ТЖД күшімен подъездегі пәтерлерден 11 адам, оның ішінде, екі бала құтқарылды, - делінген ТЖД таратқан хабарламада.  

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде сыртқы белгілері бойынша 8-қабаттағы пәтер ашық жалынмен жанып жатқан.

Құтқарушылар кіреберістегі пәтерлерден адамдарды эвакуациялау және құтқару жұмыстарын жүргізуде. Кіреберісті қою түтін басқан.

ТЖ болған аймаққа облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев барды. Ол өртті ауыздықтау жұмыстары аяқталған соң тұрғынүй электрмен жабдықталады деп отыр. Сондай-ақ мұқтаж тұрғындар үшін қонақүйден 35 орын дайындалғаны айтылды.

Оқиға орнында Қарағанды облысы ТЖД, Жедел-құтқару жасағының, Апаттар медицинасы орталығының жалпы саны жеке құрамнан 50 адам мен 12 бірлік техника жұмыс жүргізуде.

Тұрғындарды жылыту үшін Қарағанды облысы ТЖ департаментінің үш вахталық автобусы бара жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға