Жаңалықтар

Қарағандыда ер адам бірге тұрған әйелі мен қызын кепілдікке алған

Қарағандыда ер адам бірге тұрған әйелі мен қызын кепілдікке алған
Фото: polisia.kz 26.04.2023 19:56 993

Қарағандыда «Арлан» арнайы мақсат қызметкерлері бірге тұратын әйелі мен 2 жасар қызын кепілде ұстаған күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Оқиға 26 сәуір күні сағат 12.00 шамасында болған. Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберіліп, хабарлама расталды.

– Белгілі болғандай, 24 жастағы азамат 21 жастағы бірге тұратын әйелі мен 2 жасар қызын пышақпен қорқытып, күштеп ұстаған. Алайда ол ешқандай шарт қоймаған. Қаскөймен арадағы келіссөз үш сағаттан астам уақыт жүргізілді. Азамат ешқандай келіссөзге көнбеді. Кепілдіктегі адамдардың өміріне қауіп төнгендіктен, полиция қызметкерлеріне шұғыл шешім қабылдауға тура келді, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пәтердің есігін бұзған бетте, «Арлан» арнайы мақсаттың қызметкерлері бірден ішке кіріп, күдіктіні қолға түсірді. Алдын ала болжам бойынша азамат есірткі қабылдаған.

Жәбірленуші азаматшамен оның қызы ешқандай жәбір көрген жоқ. Олар дағдарыс орталығына орналастырылып, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, - делінген мәліметте.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 126-бабы 2-бөлігі 3-пунктіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді.

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға