Балабақшаларда жаңа орындар ашу, мектептерді жаңғырту, қауіпсіздікті күшейту және оқушылардың жоғары жетістіктерін қолдау – Қарағанды облысының білім беру жүйесіндегі негізгі басымдықтар осы бағыттарды қамтиды. Өткен оқу жылының қорытындылары мен жаңа оқу жылына қойылған міндеттер туралы тамыз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев айтып берді.
Балабақшадан – жаңа мүмкіндіктерге
Жыл соңына дейін өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдарда 2 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қарағанды қаласында іске қосылған ваучерлік қаржыландыру тетігін облыстың барлық аумағына тарату көзделген.
Қосымша білім беруде де ваучерлік модельді енгізу жалғасуда. Цифрландыру сертификаттарды беруді жүйелеп, қайталанатын өтінімдерді болдырмауға мүмкіндік берді. «Бір бала – бір ваучер» қағидаты кезекте тұрмай-ақ, балалардың көбірек бөлігін қосымша білім беру үйірмелері мен секцияларына тартуға жол ашады.
Дегенмен қосымша білімге деген сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан ауыл балалары үшін жалпы білім беретін мектептердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қосымша білім алуға қолжетімділікті кеңейту жоспарланып отыр.

Мектеп заманауи ғана емес, қауіпсіз де болуы тиіс
Бүгінде Қарағанды облысында 421 мектеп жұмыс істейді. Онда 174 мыңнан астам бала білім алуда.
Екі жыл ішінде реновация бағдарламасы аясында 51 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Пәндік кабинеттермен қамту деңгейі 90 пайызға жетті. Ал 220 мектепте робототехника зертханалары жұмыс істейді.
Қауіпсіздік жүйесі де күшейтілуде. Өңірдегі барлық мектеп бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен және турникеттермен жабдықталған, сондай-ақ мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген.
Мектеп жетістіктерінен – халықаралық жеңістерге
Қарағанды облысының оқушылары да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. «Мұрагер» мектебінің JELTOQSUN командасы Хьюстонда 58 елдің қатысушылары арасында өткен робототехника чемпионатында бірінші орын алды. Ал мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің командасы Абу-Дабиде өткен RoboCup 2025 халықаралық жарысының жеңімпазы атанды.
Биыл өңір тарихында алғаш рет география пәнінен екі алтын медаль иеленді. Бұл жетістікке оқушыдар республикалық және Еуропалық халықаралық география олимпиадаларында қол жеткізді.
Бұл – қарағандылық оқушылардың халықаралық аренадағы жетістіктерінің бір бөлігі ғана.

Жекелеген жобалардан – бірыңғай жүйеге
Келесі қадам – жұмыстың мазмұнын ғана емес, оны басқару тәсілін де өзгерту.
Жаңа оқу жылына арналған барлық негізгі міндеттер 2026–2027 оқу жылына арналған Кешенді жоспарға біріктіріледі. Олардың орындалуын үйлестіру үшін жобалық кеңсе құрылады.
Әр міндет бойынша нақты мақсат, мерзім, жауапты тұлға және өлшенетін нәтиже айқындалуы тиіс.
Жаңа оқу жылындағы басты міндет – әр жобаның сапалы, үйлесімді әрі тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Басқарушылық шешімдер білім беру сапасынан және ең бастысы, балаларымыздың білім нәтижелерінен нақты көрініс табуы керек, – деп атап өтті Дулат Жекебаев.