
Қарағанды облысында жол апатынан жеті адам қаза тапты
5 шілде күні Қарағанды облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан жеті адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, апат Балқаш қаласына бағытталған тас жолда, Ақшатау ауылына жақын маңда болған. Алдын ала деректер бойынша, Kia көлігінің жүргізушісі басып озуға тырысып, жол белгілерін ескермеген. Салдарынан ол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жол бөлігіне кіріп кетіп, қисық қоршауға соғылған. Қатты соқтығыстан кейін көлік өртеніп кеткен.
Апат салдарынан жеті жолаушы оқиға орнында қаза тапқан. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Аталған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция департаменті жүргізушілерге, әсіресе ұзақ сапарға шыққанда, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.