Қарағанды облысында жыл басынан бері 860-тан астам мүгедек адам жұмыспен қамтылды. Бұл санатты жұмысқа орналастыруға көмектесу үшін барлық тетіктер пайдаланылады: бос жұмыс орындарына жолдамалардан бастап арнайы жұмыс орындарына дейін және өз ісін ашуға арналған гранттарға дейін. Биыл өңірде мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота 291-ге дейін ұлғайтылды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру жағдайын жеке бақылауында ұстайды. Кезекті кеңесте ол жұмысты, оның ішінде бизнеспен жұмысты күшейту міндетін қойды.
Бұл мәселемен белсенді түрде айналысып, тәсілдерді қайта қарау қажет. Бізде жаңа кәсіпорындар ашылуда, онда да мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын құруға болады. Сөйлесіңіздер, нақты мысалдар көрсетіңіздер. Тағы да атап өткім келеді: әлеуметтік қолдау және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсарту біз үшін басым бағыт және жалпы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады. Квотаны ұлғайту, сондай-ақ ақпараттық жұмысты күшейту қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, облыста 54 690 мүгедек тұрады, олардың жартысы еңбекке жарамды.
Басқарма басшысы Ғалымжан Спабеков хабарлағандай, жыл басынан бері квота бойынша 153 адам жұмысқа орналасты. Ол бүкіл процесті бақылайтын автоматтандырылған жүйе туралы айтып берді. Электрондық еңбек биржасында квота белгіленген жұмыс берушілердің тізбесі жарияланды. Мансаптық орталықтар жұмысқа үміткерлерді табуға белсенді көмектеседі. Квотаның орындалмауы автоматты түрде еңбек инспекциясына жіберіледі.
Сонымен қатар, облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету үшін JOB COACH жаңа жобасы іске қосылды. Мансаптық орталықтардың мамандары қамқорлықтағыларды жұмыс орнында толық бейімделгенге дейін сүйемелдеу үшін оқытудан өтті. Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандарға кеңес беру және жұмысқа орналастыру орталығын ашу жоспарлануда.