Жаңалықтар

Қарағанды облысында ауыл тұрғындары сібір жарасын жұқтырған

Қарағанды облысында ауыл тұрғындары сібір жарасын жұқтырған
Фото: pexels.com 26.10.2023 17:18 455

Қарағанды облысына қарасты Топар кентінде үш адамнан сібір жарасы анықталды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауру жұқырудың жергілікті жағдайы анықталды. Жеке аулада қожайындары 8 айлық бұқаны союға мәжбүр болған. Мал иелерінің айтуынша, мал ауру күйде болған, етін сатуды жоспарламаған. Сол ауладағы үш адамнан сібір жарасы анықталды, тағы екі адам дәрігерлердің бақылауында. Сондай-ақ олармен байланыста болған 30 адам анықталып, олармен профилактикалық іс-шаралар туралы түсіндірме әңгіме жүргізіліп, медициналық бақылау орнатылды, - делінген хабарламада.

Мәжбүрлеп сойылған малдың еті тәркіленіп, мөрленіп, ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылатын болады. Кентте індетті оқшаулау және жою үшін барлық қажетті санитарлық-ветеринарлық эпизоотияға және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.

Барлық тексерілген ошақтарда дезинфекция жүргізілді, ветеринария мамандары үйлерді аралап, малдарды клиникалық тексеру және термометрия өткізіп, егу жұмыстарын жүргізуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті арқылы ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан вакциналар мен дезинфекциялық құралдарға қажеттілік толық қамтамасыз етілді, - делінген хабарламада.

Кентке Абай қаласынан кіре берісте көліктерді санитарлық өңдеуден өткізу үшін бекет орнатылды. Карантиндік шараларды сақтау үшін Жартас кентінен Топар кентіне екінші кіреберіс уақытша жабылды.

Тұрғындардың қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Сондай-ақ кенттен малды әкетуге және әкелуге, оны шаруашылықтар ішінде өткізуге, ауру малдың сүтін пайдалануға, мал союға және аумақтан жем мен жемшөп қоспаларын әкетуге тыйым салынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға