«Қара алтын»: Мұрат Есжан фильміне арқау болған Медғат Құлжанов кім?

«Қара алтын»: Мұрат Есжан фильміне арқау болған Медғат Құлжанов кім?
Фото: AI көмегімен жасалды

Фильм тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы кәсіпкерлік кезеңді суреттейді. Туындыдағы басты кейіпкер Қасым Исағалиевтің прототипі – кәсіпкер, мұнайшы әрі меценат Медғат Құлжанов. Оның өмір жолы қандай?

Фильмнің басты кейіпкері – Қасым Исағалиев. Оны актер Қуандық Қыстықбай сомдайды. Қасым – құрылыс саласында жүрген, кейін Қазақстандағы мұнай бизнесіне қадам басқан кәсіпкер. Фильм оқиғасы 1990-жылдардың басындағы экономикалық дағдарыс пен жаңа ғана қалыптасып келе жатқан нарықтық қатынастар кезеңінде өрбиді.

Алайда Қасым Исағалиев – ойдан шығарылған кейіпкер болғанымен, оның өмір жолының негізінде қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Медғат Құлжановтың тағдыры жатыр.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Құрылыс саласынан мұнай бизнесіне

Медғат Құлжановтың кәсіби жолы мұнайдан емес, құрылыс саласынан басталған. Ол инженер-құрылысшы мамандығын меңгеріп, Алматы, Екібастұз және Қапшағайдағы құрылыс жұмыстарына қатысқан. Кейін Екібастұздағы «Екібастұзэнергоқұрылыс» басқармасында басшылық қызмет атқарған.

1991 жылы, Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстанда жекешелендіру басталған кезеңде Құлжанов Заречный кентіндегі Ішкі істер министрлігіне қарасты панельді тұрғын үй құрылысы зауытын сатып алған. Бұл нысан Қазақстанда жекешелендірілген алғашқы нысандардың бірі.

Оның «Монолит» кооперативі Алматыдағы Жұлдыз шағын ауданында және Қапшағайда тұрғын үйлер салған. Сонымен қатар кәсіпкер Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа өңірлердегі құрылыс жобаларына қатысқан. Бірақ 1990-жылдардың басындағы экономикалық өзгерістер кәсіпкерді жаңа бағыт іздеуге мәжбүр етті.

1992 жылы Медғат Құлжанов «Қуат» холдингін ұйымдастырып, мұнай саласына бет бұрды. Ол Қоныс-Бектас кенішін игеруге кірісті. Кейін дәл осы кезең «Қара алтын» фильміндегі негізгі оқиғалардың біріне айналған.

Фильмде де Қасым Исағалиев құрылыс саласынан мұнайға ауысып, мемлекет үшін сол кезде тиімсіз саналатын кен орындарын игеруге тәуекел етеді. Ол үшін инвестор іздейді, лицензия мәселесімен бетпе-бет келеді және жаңа салада тәжірибесі болмаса да, жобаны соңына дейін жеткізуге тырысады.

Мұнаймен ғана шектелмейді

Құлжановтың өмірбаянын фильммен салыстырғанда бір маңызды ерекшелік байқалады. Оның қоғамдық бейнесінде кәсіпкерлікпен қатар мәдениет пен қазақ руханиятына жасаған қолдауы да үлкен орын алады.

2000-жылдары ол Абай мен Шәкәрім мұрасын насихаттауға арналған жобаларға қаржы бөлген. 2005 жылы Абайдың 160 жылдығын атап өтуге атсалысып, 2008 жылы Шәкәрімнің 150 жылдығына арналған шараларды қолдаған. Шәкәрім шығармаларының кітаптары мен музыкалық жинақтарын шығаруға да демеушілік жасаған. Ал оның ең танымал мәдени жобаларының бірі – британдық композитор Карл Дженкинске Шәкәрім шығармалары негізінде музыкалық туынды жаздыруы.

Құлжановтың өзі 2010 жылы «Азаттыққа» берген сұхбатында бұл идеяның қалай пайда болғанын айтып берген. Ол Шәкәрімнің әндері мен өлеңдерін бала кезінен білгенін, кейін ақын шығармаларын әлемдік деңгейде танытуды ойлағанын айтқан. Лондонда Карл Дженкинспен кездесіп, оған Шәкәрімнің әндері жазылған дискілерді беріп, солардың негізінде шығарма жазуды ұсынған.

Нәтижесінде Дженкинс «Шәкәрім» атты симфониялық туынды жазды. Оның премьералары Астана мен Лондонда өтті. Лондондағы Royal Festival Hall-дағы концертке негізінен шетелдік көрермендер қатысқан.

Бұл дерек «Қара алтын» фильмінде де маңызды желілердің біріне айналған. Фильмде Қасымның кәсіпкерлік жолы ғана емес, оның Шәкәрім мұрасына деген құрметі де көрсетіледі.

Экрандағы дәл көшірмесі емес

«Қара алтын» – деректі фильм емес, көркем туынды. Сондықтан фильмдегі Қасым Исағалиевтің өмір жолын Медғат Құлжановтың өмірбаянымен толық сәйкестендіруге болмайды. Нақты өмірдегі оқиғалар сценарий үшін өзгертіліп, бірнеше эпизод біріктіріліп немесе драматургиялық тұрғыдан күшейтілуі мүмкін.

Фото: www.qaraaltyn.kz
Фото: www.qaraaltyn.kz

Сондықтан Құлжановтың өміріндегі нақты оқиғалардың қайсысы өзгеріссіз алынғанын, қайсысы көркемдік мақсатта толықтырылғанын анық ажырату қиын. Яғни Қасым – Медғат Құлжановтың экрандағы дәл көшірмесі емес, оның өмір жолынан шабыт алған көркем кейіпкер.

«Қара алтын» атауы нені білдіреді?

Фильмнің атауы бірінші кезекте мұнайға байланысты. Қазақстан үшін мұнай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық мүмкіндіктердің бірі болды.

Фото: www.qaraaltyn.kz
Фото: www.qaraaltyn.kz

Бірақ фильмде «қара алтын» ұғымы тек мұнаймен шектелмейді. Картинада кәсіпкерліктен бөлек білім, ұлттық мәдениет, Абай мен Шәкәрім мұрасы, әке аманаты және елге қызмет ету тақырыптары қатар өріледі. Фильмнің ресми сипаттамасында да негізгі идея адамның қиындыққа қарамастан қайта тұрып, өз мақсатына адал болуы ретінде көрсетілген.

Осы тұрғыдан алғанда, фильмнің өзегінде екі түрлі «байлық» қатар қойылған: жердің байлығы – мұнай және халықтың рухани байлығы – мәдени мұра.

Айта кету керек, Мұрат Есжанның фильмографиясында тарихи тұлғалар мен ұлттық тақырыптар бұрыннан маңызды орын алады. Ол бұған дейін «Міржақып. Оян, Қазақ!», «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Абай жолы» сияқты жобаларда режиссер әрі сценарист ретінде жұмыс істеген.

Оқи отырыңыз