Жаңалықтар

Қаңтардағы ҰБТ: Ереже бұзған оқушылар туралы белгілі болды

Қаңтардағы ҰБТ: Ереже бұзған оқушылар туралы белгілі болды
Фото: instagram.com/testcenterkz 12.02.2024 17:31 366

Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ-ның қаңтар айындағы кезеңі қалай өткенін мәлім етті, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

ҰБТ-ның қаңтар айындағы кезеңі өзінің жұмысын сәтті аяқтады. Сәтті деп айтуға негіз бар. Еліміз бойынша 134 мыңға жуық талапкер ҰБТ-ға қатысып, өз бағын сынады. Соның ішінде ең жоғарғы 137 балл жинаған талапкер бар екенін бөле-жара айтайын. Талапкерлердің 76,4%–ы қазақ тілінде, 23,5%-ы орыс тілінде, 83 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, - деп жазды министр.

ҰБТ басталғалы шекті балды 77,5%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.

Өкінішке орай, ҰБТ өткізу барысында 157 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 107 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 50 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Білім-ғылымға құштар барша талапкерлерді ҰБТ-ның аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Қалаған мамандықтарыңыздың иесі болуға тілектестігімді білдіремін. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, қазақтың көгінде күн болып, ұлтқа аянбай қызмет ете беріңіздер!, - деп жазды Саясат Нұрбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға