Жаңалықтар

Қаңтардағы ҰБТ-да шекті балды 78% - ға жуық талапкер жинады

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті
Қаңтардағы ҰБТ-да шекті балды 78% - ға жуық талапкер жинады
Фото: baq.kz 27.01.2023 17:33 1005

Қаңтар ҰБТ-сы басталғаннан бері 57 мың адам тест тапсырды. Оның ішінде түлектердің 74% – ы қазақ тілінде, 25% - ы орыс тілінде, 37 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҰБТ басталғалы шекті балды 78% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 70 балды құрады.

«Тестілеудің үшінші аптасы аяқталды, барлығы штатты режимде өтіп жатыр. ҰБТ 10 ақпанға дейін өтеді. Жалпы, қаңтардағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 125 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестіленушілердің 19%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын тапсырды. Тапсырушылардың 18%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаса, 10%-ы шығармашылық емтиханды таңдаған. IT бағыттарға түсуге қажетті жаңа «Математика-Информатика» комбинациясын ҰБТ-ға қатысушылардың 9%-ы тапсырған», – деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

​Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылған. Сонымен қатар, олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 93 бала ҰБТ тапсырды.

​Бүгінгі таңда 36 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 57 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.

​Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға