Қант диабеті тұқым қуалай ма? Эндокринолог жауап берді

Қант диабеті тұқым қуалай ма? Эндокринолог жауап берді
Фото: AI көмегімен жасалды

Қант диабеті әлем бойынша ең жылдам таралып жатқан созылмалы аурулардың бірі. Дәрігердің айтуынша, соңғы жылдары әсіресе екінші типті қант диабетіне шалдыққандар саны күрт артқан. Бұл үрдіс Қазақстанда да байқалады.

MedRoom жобасына сұхбат берген Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының эндокринолог дәрігері Жанмедет Шыманның айтуынша, қазіргі өмір салты бұл аурудың кең таралуына тікелей әсер етіп отыр.

Екінші типті қант диабеті неге көбейді?

Маманның сөзінше, адам ағзасы эволюция барысында тамақты физикалық еңбек арқылы табуға бейімделген. Бұрын адамдар азық табу үшін көп қозғалып, аңшылықпен айналысқан. Ал бүгінде тағамға қол жеткізу әлдеқайда жеңіл, бірақ қозғалыс азайған.

Қазір тоңазытқыштың есігін ашсаңыз болғаны, тамақ дайын. Ал ағза бұрынғыдай қозғалысты қажет етеді. Физикалық белсенділіктің азаюы мен артық салмақ екінші типті қант диабетінің көбеюіне әсер етеді, – дейді дәрігер.

Артық салмақ – басты қауіп факторларының бірі

Эндокринологтың айтуынша, екінші типті қант диабетінің даму қаупі көбіне артық салмақпен байланысты.

Артық салмақтың пайда болуына:

  • дұрыс тамақтанбау;
  • физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігі;
  • ұйқының бұзылуы;
  • жалпы өмір салтының өзгеруі әсер етеді.

Маман бұл факторларды дер кезінде түзету арқылы аурудың алдын алуға болатынын айтады.

Көпшілік қант диабеті толықтай тұқым қуалайды деп ойлайды. Алайда дәрігер бұл пікірдің нақты емес екенін айтты.

Екінші типті қант диабеті ұрпаққа жүз пайыз берілмейді. Генетикалық тұрғыдан тек ауруға бейімділік берілуі мүмкін. Егер оған дұрыс емес өмір салты қосылса, диабеттің даму қаупі артады, – дейді эндокринолог.

Диабет қай кезде асқынады?

Дәрігердің айтуынша, бақылаусыз қалған қант диабеті ағзадағы көптеген мүшеге зиянын тигізеді. Ең қауіпті асқынуларының қатарында инфаркт пен инсульт бар.

Біздің мақсатымыз – адамның өмір сүру ұзақтығы мен өмір сапасын сақтау. Қант диабеті – созылмалы ауру. Ол дұрыс бақылауда болмаса, өмір ұзақтығының қысқаруына әсер етеді, – дейді Жанмедет Шыман.

Мамандар қант диабетінің алдын алу үшін дұрыс тамақтануға, тұрақты дене белсенділігіне, жеткілікті ұйқыға және дене салмағын қалыпты деңгейде ұстауға кеңес береді. Ерте диагностика мен уақытылы ем де аурудың ауыр асқынуларының алдын алады.

Оқи отырыңыз