Жаңалықтар

Қанша адам су қоршауында қалғандығы жөнінде ақпарат жоқ - депутат

Қанша адам су қоршауында қалғандығы жөнінде ақпарат жоқ - депутат
Фото: ТЖМ 17.04.2024 17:00 330

ҚР Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев еліміздің он шақты аймақтарында тасқын судың жағдайы күрделі сипат алып отырғанына алаңдаулы, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол ҚР премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында шалғай елді мекендердің жағдайы туралы айтты.

Әр сағат сайын, Азаматтық қорғау қызметтері мыңдаған адамды қауіпсіздік жерге апарғандығы, қандай көлемде бөгет құрылғандығы жөнінде ақпарат жаңартылуда. Ресми мәліметтерде негізінен Орал, Атырау, Петропавл, Күлсары сияқты ірі елді мекендердің атаулары кездеседі. Ірі елді мекендерге халық пен мемлекет тарапынан бөлінген көмек жеткізіліп жатыр. Ол туралы мемлекеттік органдар рапорттар жасауда. Ал, шалғай орналасқан шағын ауылдарда қандай көмек көрсетіліп жатқандығы, тіпті олардың саны немесе қанша адам су қоршауында қалғандығы жөнінде ақпарат жоқтың қасы, - деп атап өтті депутат.

Оның сөзінше, түрлі аймақтарда су тасқыны 2-3 апта бұрын басталғаның ескере отырсақ, осыншама уақыт су, тамақ, медициналық көмексіз қалу өте ауыр жағдай.

Ірі қалаларды құтқарып, жергілікті билік шалғай елді мекендерді ұмытқан жоқ па? Өтетін жолы жоқ ауылдардың жағдайы туралы, оның ішінде электроқуатсыз, байланыссыз қалған елді мекендерді азық-түлік, ауыз су, медициналық көмегімен, ауылшаруашылық жануарларын жеммен қамту сияқты мәселелер бойынша хабар тапшы екен. Сол үшін әлеуметтік желілерде кейбір ауылдарға еріктілер жинаған көмек жеткізуге мүмкіндігі жоқ деген ақпарат таратылуда, - деді ол.

Депутат жолсыз қалған жақын елді мекендерге жету үшін моторлы қайықтары жетіспейді, алыстағы ауылдарға көмегін тегін апаратын тікұшақтар табылмай жатқанына алаңдаушылық білдірді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға