Қазақстанға тарихи отанына қоныс аударған этникалық қазақтарға «қандас» мәртебесін беру тәртібі өзгерді. Енді өтініш берушілер қазақ тілін білу деңгейін тексеруден бастап, арнайы сауалнама мен әңгімелесуге дейінгі бірнеше кезеңнен өтеді.
24.kz мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Тәжікстан және Ираннан 48 этникалық қазақ отбасы қоныс аударған. Жалпы саны – 129 адам.
Қандастарды қолдау үшін мемлекет бірнеше әлеуметтік көмек түрін ұсынады. Олардың қатарында қоныс аударуға арналған субсидия және тұрғын үй сатып алуға берілетін 7 миллион теңге көлеміндегі сертификат бар.
Бірінші кезең – Қазтест. Өтініш беруші қазақ тілінен тест тапсырып, сұрақтардың кемінде 70 пайызына дұрыс жауап беруі тиіс.
Екінші кезеңде үміткер арнайы портал арқылы сауалнама толтырады. Мұнда адамның жасы, білімі, денсаулық жағдайы, еңбек тәжірибесі және Қазақстанда туыстарының бар-жоғы сияқты бірқатар көрсеткіш ескеріледі.
Жүйе осы деректер негізінде өтініш берушінің әлеуетін автоматты түрде бағалайды. Сауалнама нәтижесінде кемінде 600 балл жинау қажет.
Үшінші кезеңде мемлекеттік органдар қажетті тексерулерді жүргізеді. Бұдан кейін өтініш беруші қорытынды әңгімелесуден өтеді.
Осылайша, жаңа тәртіп бойынша «қандас» мәртебесін алу тек құжат тапсырумен шектелмейді. Үміткердің тіл білу деңгейі, білімі, әлеуметтік жағдайы және Қазақстанға бейімделу мүмкіндігіне қатысты бірқатар көрсеткіш ескеріледі.
Мамандардың айтуынша, жаңа талаптар көші-қон үдерісін жүйелеп, елге қоныс аударатын этникалық қазақтардың әлеуетін бағалауға бағытталған.