Жаңалықтар

Қанат Айтбаев болашақ жарын ата-анасымен қалай таныстырғанын айтып берді

Қанат Айтбаев болашақ жарын ата-анасымен қалай таныстырғанын айтып берді
Фото: instagram.com/kanat_sveta_aitbayevtar 21.08.2023 12:12 2478

Еліміздің танымал әншілері Қанат Айтбаев пен Света Айтбаеваның отау тіккеніне 30 жыл толды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айтулы күні Димаш Құдайбергеннің әкесі өмірлік жарын ата-анасымен қалай таныстырғанын айтып берді. 

Амангелді Сәндібаев ағамыз жетекшілік ететін «Жібек жолы» ансамблінің құрамындағы кезіміз. Екеуміз де студентпіз. Болашақ педагогтерміз. Ағамызға өтініш жасап, менің туған жерім Ембіде тобымызбен концерт беретін болдық. Ойым – ата-анама болашақ келіндерін көрсету... Қаламыздағы «Достық» мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ, халық лық толы. Алдыңғы қатарда ата-анам, олардың достары отыр.

Концерт басталды. Сол кезде тыңдарманның құлағына сіңісті болған әндеріміз бірінен соң бірі орындалып жатыр. Бағдарламамыздың орта тұсына таман «келесі әнді орындайтын Светлана Төлемісова, қарсы алыңыздар!» деп хабарлап, сахна сыртына шығып кеттім. Үлкен баянын көтеріп, Света ортаға шықты. Үстінде талдырмаш, нәзік бойына қона қалған ақ көйлек, бота көздері күлімдей мөлдіреп, толқындана бұйраланып, иығына түскен шашы өзіне ерекше жарасып тұр. Микрофонын ыңғайлап алып, аспабының түймелеріне қол салды.

Баянның сырлы үніне бұлақтың сыңғырындай әнші қыздың үні астасып әсем ән төгіле жөнелді. Шәмшінің «Ақ ерке – ақ жайығы». Алғашқы қайырмасынан-ақ залдағы халық таныс әнді қосыла шырқай жөнелді, - деп жазды Айтбаев.

Қанат Айтбаев осы сәтте қатты қобалжығанын, анасы әнші қызға жылы шырай танытқанын есіне алды. Анасы ұлының түпкі ойын да біліп қойғанын айтты.

Сахнаның жақтау шымылдығынан жүрегім атқақтай соғып, ата-анамның жүздеріне сығалай қарап тұрмын. Екеуі де ерекше мейіріммен күлімдеп отыр екен. Анамның қасында отырған құрбысы сахнадан көз алмай, анамның құлағына сыбырлап  жатыр. Қимыл-қозғалысына қарасам, жағымды нәрсе айтып жатқан сияқты.

Концерт аяқталды. Ансамблімізді үйге қонаққа шақырдым... Меймандарды шығарып салған соң ас үйде қасында көмектескен болып, қипақтап жүрген маған қарап анам жымиып «топтарыңдағы әнші қыз әп-әдемі бала екен» деді.

Қасымдағы құрбыларым «Қанатжан дәу де болса осы қызды таныстырайын деп әкелді-ау?» деп жатыр. Солай ма?
Анамның жүзіне қарап күлімдей беріппін. Жүрегім лүп-лүп...

Арада екі-үш ай өткен соң ата-анам арнайы барып, болашақ құдаларымен танысып, уағдаласып, тойдың күнін белгілеп қайтты. Содан бері отыз жыл өтті Құда-құдағилар өзара ең жақын, сырлас адамдарға айналды, - дейді Димаштың әкесі.

Қанат Айтбаев жанына серік болған жарына алғысын айтып, меруерт тоймен құттықтады:

Отбасымызда үш баламыз өмірге келді. Өмірде қол ұстасып, тату-тәтті бірге келе жатырмыз. Меруерт тойымыз құтты болсын, Светик! Ата-анамыз айтпақшы, өмірдің қызық, қуанышын тең көрейік!

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Канат Айтбаев (@kanat_sveta_aitbayevtar)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға