Қан қысымының жоғарылауы: қандай өнім түрлеріне басымдық беру керек

 unsplash.com/Kieran Murphy
Фото: unsplash.com/Kieran Murphy

Әлем халқының шамамен 30 пайызы артериялық гипертониядан, яғни қан қысымының жоғарылауынан зардап шегеді. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының негізгі себептерінің бірі саналады және мезгілсіз өлім-жітім қаупін арттырады.

Осы уақытқа дейін әлемдік медициналық ұйымдар қан қысымын төмендетудің ең тиімді жолдарының бірі ретінде тұзды аз тұтынуды ұсынып келді.

Алайда Канаданың Ватерлоо университеті ғалымдарының жаңа зерттеуі қан қысымын бақылауда калийдің рөлі бұрын ойлағаннан әлдеқайда маңызды болуы мүмкін екенін көрсетті. Зерттеу авторларының пікірінше, рациондағы калий мөлшерін арттыру кей жағдайда тұзды азайтудан да тиімді нәтиже беруі ықтимал.

Калий мен натрий ағзада қалай жұмыс істейді?

Натрий мен калий – қан қысымын реттеуге қатысатын маңызды электролиттер. Натрий жүйке жүйесі мен бұлшықеттердің қалыпты жұмысын қамтамасыз етіп, ағзадағы сұйықтық тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Бірақ оның шамадан тыс мөлшері ағзада судың жиналуына әкеледі. Нәтижесінде қан көлемі артып, жүрекке түсетін жүктеме көбейеді де, артериялық қысым жоғарылайды.

Ал калийдің әсері мүлде басқаша. Ол қан тамырларының қабырғаларын босаңсытып, жүрек қызметін қолдайды әрі жүйке мен бұлшықет жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар калий натрийдің әсерін әлсіретіп, бүйректер арқылы оның ағзадан шығарылуына көмектеседі. Бұл өз кезегінде сұйықтық көлемін азайтып, қан қысымын төмендетеді.

Ғалымдардың айтуынша, ежелгі адамдардың рационында жеміс-жидек пен көкөніс көп болғандықтан, адам ағзасы эволюциялық тұрғыдан калийге бай, натрийі аз тағамдарға бейімделген болуы мүмкін. Ал қазіргі заманда кең таралған батыстық тағам үлгісінде керісінше тұз көп, калий аз. Мамандар гипертонияның индустриясы дамыған елдерде жиі кездесуі осыған байланысты болуы мүмкін деп есептейді.

Зерттеу нені көрсетті?

Зерттеу барысында мамандар натрий мен калийдің қан қысымына әсерін бағалау үшін математикалық модельдеу әдісін қолданған. Бұл тәсіл биологиялық процестерді арнайы формулалар мен есептеулер арқылы талдауға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде қан қысымына натрий мен калийдің жеке мөлшерінен гөрі олардың өзара арақатынасы көбірек әсер ететіні анықталған. Яғни адамның күнделікті рационында калийдің натрийге қатысты үлесі жоғары болған сайын гипертония қаупі төмендей түседі.

Сондай-ақ зерттеу ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылықтарды да көрсетті. Ер адамдар менопаузаға дейінгі әйелдерге қарағанда гипертонияға көбірек бейім келеді. Дегенмен олардың ағзасы калий мөлшерінің артуына да жақсырақ жауап береді.

Қан қысымын төмендетудің жаңа тәсілі

Зерттеу авторлары натрийдің артық мөлшері мен жоғары қан қысымы арасындағы байланыс бұрыннан белгілі екенін айтады. Алайда калийдің қорғаныш әсеріне жеткілікті көңіл бөлінбей келген.

Ғалымдардың мәліметінше, рациондағы натрий мен калийдің арақатынасы жоғары қан қысымы, жүрек-қан тамырлары аурулары және жалпы өлім қаупін болжауда әрбір элементтің жеке көрсеткішіне қарағанда әлдеқайда дәл көрсеткіш болып шыққан.

Модельдеу нәтижелері тағы бір маңызды жайтты көрсетті: калий мөлшерін көбейту тіпті натрийді қалыпты немесе жоғары деңгейде тұтынатын адамдардың өзінде қан қысымын төмендетуге көмектесуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, гипертонияның алдын алу үшін тұзды азайтумен қатар калийге бай тағамдарды көбірек тұтыну қажет. Олардың қатарына банан, өрік, авокадо, картоп, бұршақ дақылдары, шпинат және түрлі көкөністер мен жемістер жатады.

Оқи отырыңыз