Жаңалықтар

Қалған 800 мың тонна пияз қайда? – Ерболат Саурықов

Қалған 800 мың тонна пияз қайда? – Ерболат Саурықов
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 19.06.2023 11:39 1294

Депутат Ерболат Саурықов елімізде өндірілетін пиязға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутат Жамбылда қанша пияз өндірілетінін сұрап, ауыл шаруашылығы министрін тығырыққа тіреді. Аталған сұраққа Ербол Қарашөкеев «93 пайыз шығар» деп жауап берді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйеніп, 2022 жылы 1 миллион 100, 1 миллион 200 мың тонна пияз өндірілген дейсіздер. Оның 320 тоннасы ішкі нарықты қамтамасыз етуге қалған. Сонда қалған 800 мың тонна пияз қайда? Егер 800 мың тонна пияз экспортталса, мемлекетке осыдан қанша ақша түсті? Экспортталмаса, 2022 жылы егіс алқабында келісі 35-40 теңгеден басталып, қыстыгүні 140, қазір 230 теңгеге жетіп отыр. Келесі жылы пияздың бағасы 400-500 теңгеге жете ме? Сонда өзімізде өндірілетін пиязды осынша ақшаға сатып отырамыз ба? – деді депутат.

Аталған сауалға министр Ербол Қарашөкеев шынымен де пияздың өндіріс көлемі өзіміздің тұтыну көлемінен 3-4 есе артып отырғанын айтты. Соған қарамастан экспортқа да шығып отырғанын тілге тиек етті.

Бұл ретте Жамбыл облысының бірнеше ауданына әріптестерімізді жіберіп тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде ауладағы есіктің қасында жасалған қоймадан тағы қосымша 20-25 мың тонна есепке алынбаған пиязды анықтадық. Әрбір көкөністің көлемі тұтынудан екі-үш есе көп болса да, бұл ашық нарықты экономикада тұрақты бағада болуына кепіл емес. Көршілес елде сұраныс көп болатын болса, өндірілген өнім көлемінің бәрін алып кететін тәуекелдер болады. Оны бақылауда ұстап отыруымыз керек. Қойманың мәселесін шешетін болсақ, пияздың сақталуына байланысты баға да тұрақты болады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға