Қаланы емес, даланы таңдады: түйеші қыз ауыл өмірін қалай насихаттап жүр

 saualbekkyzy_z
Фото: saualbekkyzy_z

Қазақ даласында түйе – берекенің, төзімнің және дәулеттің символы. Ұлт тұрмысымен біте қайнасқан бұл түліктің қадірін қазіргі жастар да ұмытпапты. Шөлге төзімді, шипалы сүтімен, берекелі ырысымен ерекшеленетін жануарды заманауи форматта дәріптеп жүрген жастың бірі – Маңғыстау облысы Бекі ауылының тұрғыны Жұлдыз Өтепберген.

Әлеуметтік желіде ауыл өмірінің табиғи қалпын, түйе бағу кәсібінің қыр-сырын қызықты форматта көрсетіп жүрген Жұлдыз бүгінде көпшілікке «түйеші қыз» ретінде танылып үлгерді. Жұлдыздың өмір жолы қарапайым ауыл қызының тағдырына ұқсас болғанымен, оның ойы мен мақсаты өзгеше. Ол 2005 жылы Маңғыстау өңіріндегі Қандыбас қыстағында дүниеге келген. Қазір дене шынықтыру және спорт мамандығын игеріп, дзюдо үйірмесінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

Мен үшін ауыл жай ғана тұрған жер емес, ол – өмірдің өзі. Қалаға барып, басқа өмірді де көрдік, бірақ бәрібір жаным ауылға тартып тұрады. Таңғы салқынмен малға шығу, кешкісін қыстауға оралу – осының бәрі мен үшін ерекше бір тыныштық береді. Әлеуметтік желіге видео түсіру арқылы мен сол сезімді өзгелерге де жеткізсем деймін. Бекі ауылы деген жер бар екенін, ауылда да бақытты өмір сүруге болатынын көрсеткім келді, – дейді Жұлдыз.

Оның айтуынша, алғашқы видеолар әртүрлі реакция тудырған: қолдау да болды, күмән да айтылды. Тіпті ең жақын ортасынан да түрлі пікір естіген сәттері болған.  

Алғашында түрлі пікір болды. Қолдағандар да, түсінбегендер де кездесті. Кейбірі тіпті жақын адамдарым болды. «Неге бұлай түсіресің?», «Не керегі бар?» деген сөздер де айтылды. Бір кезде шынымен тоқтатқым келген сәттер болды. Бірақ сол кезде әкем маған: «Өзіңе сенсең, тоқтама» деді. Сол сөз мені қайта жігерлендірді. Қазір соның бәріне қарап күлемін. Өйткені әр қиындық мені шыңдады, – дейді ол.

Бүгінде Жұлдыздың парақшасын қала мен ауыл көрермені қатар тамашалайды. Оның контенті әсіресе қаланың қарбалас тіршілігінен шаршаған, табиғилықты іздеген жастарға жақын.

Мен аудиторияны бөліп-жармаймын. Қалада да, ауылда да отырған адамдар ауыл өміріне қызығады. Қазір адамдар табиғилықты сағынады. Телефоннан болса да шынайы өмірді көргісі келеді. Сол себепті менің видеоларым көпшілікке жақын деп ойлаймын, – дейді кейіпкер.

Жұлдыз көрсетіп жүрген түйе шаруашылығы – қазақ тұрмысында ежелден маңызды орын алған кәсіп. Ғалымдардың айтуынша, түйе сүті – құрамында дәрумендер мен минералдар өте көп, иммунитетті күшейтетін өнім. Ал шұбат ас қорыту жүйесіне пайдалы сусын ретінде танылған. Соңғы жылдары бұл өнімдерге деген сұраныс артып келеді.

Қазір көктемде саумал мен шұбатқа сұраныс ерекше көбейеді. Бұрын тек ауылда ішілетін болса, қазір қала тұрғындары арнайы іздеп келеді. Бұл – адамдардың табиғи өнімге бет бұра бастағанының белгісі. Түйе сүтінің пайдасын білген сайын қызығушылық арта береді деп ойлаймын, – дейді Жұлдыз.

Оның отбасы үшін мал шаруашылығы – жай кәсіп емес, атадан қалған аманат.

Бізде бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жол. Әкемнің айтуынша, біз төртінші буынбыз. Түйе бағу – тек жұмыс емес, ол – өмір салты. Бұл кәсіп адамды сабырлы болуға, табиғатты түсінуге үйретеді. Әр күн әртүрлі өтеді, бірақ соның бәрі бір бөлек мән береді, – дейді ол.

Жұлдыздың басты армандарының бірі – этнотуризмді дамыту. Оның айтуынша, бұл идея ауыл өмірін көрсетіп жүргенде өздігінен пайда болған.

Біздің ауыл жол бойында орналасқан. Кейде шетелдік туристер өтіп бара жатады. Соларды көріп отырып, «неге бізде осындай адамдар келіп демалатын, ауыл өмірін көретін орын жоқ?» деген ой келді. Шын мәнінде, шетелдіктер үшін біздің өмір өте қызық. Біз үшін қалыпты дүние, ал олар үшін ерекше тәжірибе. Сол себепті осы бағытты дамытқым келеді, – дейді Жұлдыз.

Ол болашақта туристерге тек демалыс емес, тұтас бір өмір салтын көрсетуді мақсат етеді.

Мен жай ғана қонақүй ашқым келмейді. Сол арқылы адамдарға қазақтың өмірін сезіндіргім келеді. Олар түйе мініп, шұбат ішіп, мал бағып көрсе деймін. Таңертең далада оянып, кешкісін от басында отырып әңгіме айтса – соның өзі үлкен әсер. Сонымен қатар өзіміздің ұлттық бұйымдарды, жүннен жасалған заттарды көрсетіп, қазақ мәдениетін танытқым келеді. Бұл – тек бизнес емес, бұл – миссия, – дейді ол.

Жұлдыз Қазақстанда этнотуризмнің әлеуеті жоғары екенін айтады. Әсіресе Маңғыстау өңірінің табиғаты мен тарихы бұл бағытты дамытуға толық мүмкіндік береді.

Қазір бұл сала енді дамып келеді. Бірақ мүмкіндігі өте көп. Әсіресе Маңғыстау өңірі – табиғаты ерекше, тарихы терең жер. Егер осының бәрін дұрыс көрсете алсақ, бұл бағытты жақсы деңгейге көтеруге болады, – дейді кейіпкер.

Жұлдыз тек еңбекпен ғана емес, спортпен де шыңдалған. Ол дзюдоға алтыншы сыныптан бастап келген.

Дзюдо мені қатты тәрбиеледі. Бұл спорт маған тек күш емес, тәртіп, жауапкершілік, өз-өзіңді бақылау сияқты қасиеттерді үйретті. Қазір жаттықтырушы болып жұмыс істеп жүргеніме де қуаныштымын. Өйткені бұл арқылы балаларға бағыт бере аламын. Спорт мені тұлға ретінде қалыптастырды, – дейді ол.

Бүгінде Жұлдыздың өмірі – дәстүр мен заманауи мүмкіндіктің үйлесімі. Бір жағынан ол ата кәсіпті жалғастырып жүрсе, екінші жағынан әлеуметтік желі арқылы сол өмірді көпшілікке жеткізіп, жаңа бағытқа жол ашып келеді.

Менің ең үлкен мақсатым – ауылды көрсету. Адамдарға ауылда да сапалы, мәнді өмір бар екенін дәлелдеу. Сонымен қатар этнотуризмді дамытып, қазақтың болмысын әлемге танытқым келеді. Егер мен осы бағытта кішкентай болса да үлес қоса алсам, өзімді бақытты сезінемін, – дейді түйеші қыз.

@saualbekkyzy_z #рек ♬ оригинальный звук - Saualbekkyzy_Z

Оқи отырыңыз