
Қалааралық көші-қон: шығынды қалай азайтса болады
Қазақстан қалалары арасындағы ішкі көші-қон соңғы жылдары күрт өсті. Мысалы, 2024 жылы бір өңірден екінші өңірге көшкен азаматтар саны шамамен 1,51 миллион адамға жетті. Ал көшу үшін ең жиі таңдалатын қалалардың алғашқы үштігін Алматы, Астана және Шымкент секілді ірі шаһарлар құрайды: оның басты себептері – жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің молдығы, сапалы білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі, өмір сүру деңгейінің жоғарылығы.
Қазақта «Кедей болсаң, көшіп көр» деген сөз бар. Одан қалды буып-түйген заттарың аман-есен жетуін тағы уайымдайсың. Әрі жаңа мекенге бейімделуде бастан өткеретін күйзеліс тағы бар. Сондықтан көшуге дайындалуды дұрыс жоспарлау сізді артық шығын мен стресстен сақтайды. Ендеше El.kz интернет порталының тілшісі бүгін көшіп-қонғанда кездесетін қиындықтар мен оларды қандай жағдайда жеңілдетуге болатыны туралы сарап жасап көрді. Пайдасы кәдеңізге жарап жатса құба-құп.
Кездесетін қиындықтар
Логистика: жүктерді жинап, жаңа орынға уақтылы жеткізу міндеті.
Қаржылық жүктеме: көлік жалдау, орау материалдары мен жүк тасушылардың ақысы (жүк тиеушілердің қызметі).
Эмоциялық стресс: таныс ортаны тастап, жаңа жағдайға бейімделу қиындық тудырады.
Тасымалдаушы таңдау: қызмет сапасы мен кепілдігіне мән беру қажет.
Алдын ала дайындық
Көші-қонды рет-ретімен ұйымдастыру маңызды. Алдымен көшу мерзімін жоспарлаңыз: мереке күндері мен апта басындағы шулы уақытты таңдаудың қажеті жоқ.
Көшу күнін белгілеу. Шамамен екі-үш апта бұрын нақты көшу күнін анықтаңыз. Үйдегі жұмыстарды жеңілдету үшін демалыс күндері немесе жылдың салқындау айларын қарастырыңыз.
Зат тізімін жасау. Алдымен жаңа жерге апаратын заттарды анықтап, тізімге енгізіңіз. Қажетсіз бұйымдарды сатуға немесе қайырымдылыққа беріп, тек маңызды мүлікті қалдыру көшу шығынын азайтады.
Орау материалдарын дайындау. Қораптар мен жабысқақ таспа, көпіршікті плёнка сияқты материалдарды алдын ала сатып алыңыз немесе дүкеннен сұрап алыңыз.
Көшу жоспары: неден бастау керек?
- Заттарыңызды алдын ала жинап бастаңыз
Заттарыңызды жинауды ертерек бастаңыз, бұл сізді асығып-абдыраудан құтқарады және бәрін ұқыпты орауға мүмкіндік береді. Егер пәтеріңіз бір бөлмелі болса, онда дайындықты көшуге 6-7 күн қалғанда бастаған жөн.
- Заттарыңызды сұрыптаңыз
Әр бөлмедегі жиһаз бен қораптарды топтап, олардың жалпы көлемін (текше метрмен) есептеңіз. Қанша мүлік бар екенін анықтау – қандай көлік керек екенін және қанша орама материалы қажет болатынын білу үшін қажет. Екі бөлмелі пәтердің жиһазы мен заттарын бір «ГАЗельдің» жүксалғышына сыйғызуға болады. Бірақ бәрі сіздің жиһазыңыз бен тұрмыстық техникаңыздың көлеміне және санына байланысты.
- Қажетсіз заттардан арылыңыз
Заттарды сұрыптау барысында көптен бері қолданылмай жүрген, қажетсіз дүниелерді байқайсыз. Көшу – артық заттардан құтылуға тамаша мүмкіндік. Қоқысқа тастаңыз, саяжайға апарыңыз, мұқтаж жандарға беріңіз. Бұл көшу процесін жылдамдатып, жұмысыңызды жеңілдетеді.
- Құжаттар мен ақшаңызды алдын ала дайындаңыз
Барлық маңызды құжаттар мен ақшаны жеке жинап, көшкен кезде өзіңізбен бірге алып жүріңіз.
- Қаптау материалдарын алдын ала дайындаңыз
Сізге картон қораптар, қағаз немесе ескі газеттер қажет болуы мүмкін. Ескі аяқ киім қораптары да жарамды. Үлкен қораптарды жақын маңдағы дүкендерден сұрап алуға болады. Ал техниканы өз қорабында тасымалдаған дұрыс. Жеке заттар, киім мен аяқ киімді қапшықтар мен дорбаларға салыңыз.
Скотч таңдағанда да оның жуан болуына басымдық беріңіз. Берік ленталар мен жіптер де жарайды. Ыдыс-аяқ секілді сынғыш заттарды, шкафтың есіктерін мата, сүлгі немесе төсек жапқышпен ораңыз.
- Заттарды жинаудың дұрыс ретін сақтаңыз
Алдымен сирек қолданылатын немесе маусымға сай емес заттарды жинаңыз – кітаптар, ыдыс, маусымдық киім мен аяқ киім. Кейін перде, төсек-орын, дастарқан, сүлгілер, көрпе-жастықтарға кезек беріңіз. Бұдан соң жиһаз бен техниканы ораңыз. Ең соңында күнделікті қолданатын киім, ыдыс және жеке гигиена заттарын жинаңыз.
- Жиһазды дайындап, техниканы электр қуатынан суырыңыз
Көшуден бұрын жиһаздың тұтқалары, аяқтары, есіктері мен жәшіктерін шешіп алыңыз. Фурнитураны бөлек қаптап, есік-жәшіктерді матаға ораңыз. Егер есік не жәшікті шешу мүмкін болмаса, оларды корпусқа скотчпен бекітіп қойыңыз.
- Қораптарды белгілеңіз
Қай зат қай жерде екенін көрсету үшін маркермен жазыңыз. Стикерлер жабыстырыңыз, оны тікелей қораптың не дорбаның үстіне жазып қойыңыз. Бұл жаңа қонысыңызда заттарды тезірек табуға көмектеседі. Мамандар қораптардың сыртына оның қай бөлмеге тиесілі екенін көрсету де жұмысты жеңілдететінін алға тартады: ас үй, жуынатын бөлме, жатын бөлме және т.б. Мысалы, «Ас үй – ыдыс-аяқ», «Жатын бөлме – кітаптар». Жаңа үйге келгенде белгіленген қораптарды бірден сол бөлмеге апарып қоя саласыз.
Қымбат және нәзік заттарды арнайы қорғаныш материалмен орап, ауыр бұйымдарды қораптың төменгі жағына орналастырыңыз. Мұндай дайындық тиеу-түсіру кезінде зақымдану қаупін төмендетеді.
- Жүк тасымалдау қызметін пайдаланыңыз
Кәсіби жүк тасымалдаушылардың қызметіне жүгіну – уақытты, күш пен жүйкені үнемдеудің тиімді жолы. Олар көшу процесін тез әрі сапалы ұйымдастырады.
Көшуге арналған бюджет: нені ескеру керек?
Көлік қызметі – қалааралық көшу бюджетіндегі ең қомақты бөлік. Сондықтан қоныс аударар кезде осы шығынды да алдын да ала ескеріңіз. Ал оның құны сіздің көліктің қай түрін таңдайтыныңызға байланысты: жүк көтергіштік қабілеті мен жүксалғыш көлемі баға қалыптастырудағы негізгі фактор. Қажет болған жағдайда, эвакуатор, арнаулы температурада жеткізілуі тиіс жүк үшін рефрижератор немесе аса көлемді жүк үшін арнайы көлікке тапсырыс бере аласыз.
Осы орайда біз танымал бағыттарға жеткізу құнына сарап жасап көрдік.
Мысалы, inDrive жүк тасымалы платформасында шағын жүк көлігімен жүктерді тасымалдау құны мынадай екен:
- Шымкент-Түркістан – 5 550 теңге;
- Шымкент-Тараз – 6 000 теңге;
- Қарағанды-Астана – 7 200 теңге;
- Шымкент-Алматы – 21 300 теңге;
- Ақтөбе-Атырау – 39 600 теңге.
Қосымша шығындарға орау материалдары (қорап, таспа, плёнка), жүкті тиеу-түсіру қызметі (жүк тиеушілердің ақысы) және жүкті сақтандыру жатады. Мысалы, жүк сақтандырылған кезде жөнсіз зақымдану немесе жоғалту жағдайында 2 миллион теңгеге дейін өтемақы қарастырылған. Сонымен қатар жүк иесінің сол көлікпен баруына да рұқсат берілуі мүмкін.
Шығынды үнемдеу үшін кеңестер
Жүк тасымалдау кезінде бұл процестің қай маусымда жүзеге асырылатыны маңызды екенін жадыңыздан шығармаңыз. inDrive.Жүк тасымалының мәліметінше, жаз айларында құрылыс пен көшу жұмыстары белсенді болғандықтан, баға біршама жоғары болуы мүмкін. Қыста немесе аптаның ортасындағы уақытты таңдасаңыз, тасымал бағасы арзандауы ықтимал.
Ортақ тасымал: кейбір компаниялар бір бағытқа бірнеше тапсырысты жинап алып, үлкен көліктермен тасымалдайды. Бұл жеке тапсырыс құнын арзандатады.
Белсенділіктің төмендеуі: күнтізбеде бос күндерде немесе кешкі уақыттарда тапсырыс берсеңіз, көшу арзанырақ болуы мүмкін.
Тасымалдаушыны қалай таңдау керек?
Тасымалдаушы компанияны таңдаған кезде мына жайттарға назар аударыңыз:
Беделі мен қызмет пайдаланушылардың пікірлері. Компанияның интернеттегі рейтингі мен клиенттердің пікірлерін қарап шығыңыз. Сенімді тасымалдаушылар өз қызметінің сапасын мақтан тұтады және клиенттердің пікірлерін жариялап отырады.
Сақтандыру шарттары. Тасымалдаушы жүкті сақтандыру қызметін ұсынатынына және бұзылу немесе жоғалу жағдайында шығынды өтейтініне көз жеткізіңіз. Егер жүк сақтандырылмаған болса, шығын өтеусіз қалуы мүмкін.
Жүк қауіпсіздігі. Автопарктің техникалық жағдайына мән беретін компанияны таңдаңыз. Жеке жүргізушілердің жеке көліктерін пайдаланатын фирмалардан сақ болыңыз: олардың көлігі уақтылы техникалық тексеруден өтпеген болуы әбден мүмкін. Лицензиясы мен техникалық құжаттары және өз автопаркі бар компания сенімдірек.
Жеткізу мерзімі мен икемділік. Тапсырысты нақты мерзімге уақтылы жеткізуге кепілдік беретін компанияны қарастырыңыз. Белгіленген мерзімді бұзбайтын, уақтылы жұмыс істейтін тасымалдаушыларға басымдық беріңіз.
Қосымша қызметтер. Кейбір компаниялар жүктің қозғалысын онлайн жүйе арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы сіз жүктің қай кезде және қай жерде екенін бақылай аласыз.
Қорытынды
Көшу – бұл тек жүк тасымалдаудан ғана емес, үлкен дайындықты, жоспарлауды және эмоциялық күш-жігерді қажет ететін процесс. Ең бастысы – жұмысты алдын ала бастау және сенімді тасымалдаушыны таңдау. Шығынды үнемдеуге тырысқанда, сапа мен жауапкершіліктен қымсынбаңыз: көлік пен жүкті сақтандыруға көбірек қаражат бөлу жөнсіз шығыннан сақтайды. Сонымен қатар көшу – стресс тудыратын жұмыс екенін ұмытпаңыз. Барлық міндетті бір күнде бітіріп тастаймын деп ойлаудың қажеті жоқ: тапсырмаларды кезең-кезеңімен орындап, отбасы мен достарыңыздың көмегіне жүгініңіз. Көшу жаңа мүмкіндіктерге бастар кезең екенін ұмытпаңыз.