Қала мэріне үміткерді тікелей эфир кезінде атып кетті

Мексиканың Веракрус штатында қарулы шабуыл кезінде Тексистепек қаласының мэріне үміткер, билеуші Morena партиясының өкілі Есения Лара Гутьеррес қаза тапты. Бұл туралы El Universal басылымына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 12 мамыр күні кешкісін, тікелей эфирде көрсетілген қоғамдық іс-шара барысында болған. Шабуыл Есения Лара Гутьеррес жергілікті тұрғындармен амандасып, көше бойымен келе жатқан сәтте жасалған.
Жергілікті билік дерегінше, шабуыл салдарынан бес адам қаза тауып, тағы үш адам жараланған.
Веракрус штатының губернаторы Росио Нале Гарсияның айтуынша, қаза болғандардың қатарында үміткердің өзі, Хальтипан қаласының полиция қызметкері мен оның қызы, үгіт тобының белсендісі және мэрлікке үміткердің күзетшісі болған.
Губернатор қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу басталғанын хабарлады. Сондай-ақ 1 маусымға белгіленген сайлау мерзімінде өтетінін растады.
Біз демократиялық үдерістерден бас тартпаймыз. Әр муниципалитет өз билігін таңдау құқығына ие. Біз – заң аясында әрекет ететін үкіметпіз, – деді Росио Нале Гарсия.
