Жаңалықтар

Қала болған Қосшының мәселесі қашан шешіледі?

Қала болған Қосшының мәселесі қашан шешіледі?
Фото: qazaqtimes.com 27.02.2023 18:15 1287

Қосшы қаласы елордадан не бары 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Оған 2021 жылдың 26 шілдесінде облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Қазіргі таңда қалада 50 мыңнан астам тұрғын бар. Қала мәртебесін алғанына екі жылға жуықтаса да шешімін таппаған мәселе аз емес.

Қаладағы «Лесная поляна» ықшам ауданы тұрғындарының айтуынша, қалада жарық пен су тым жиі өшіріледі.

«Қосшы қала болғалы айтарлықтай өзгеріс көре алмадық. Қайта су мен жарықтан зардап шегіп отырмыз. Коммуналдық төлемдерді уақытылы төлейміз. Өткен аптада тағы өшіріп тастады. Өшіретіндерін алдын ала ескертіп отырады. Бірақ, неге соншалықты жиі ақау шығатынын түсінбеймін», - дейді қала тұрғыны.  

Бұрын мұндай жағдай бүгінгіден де жиі қайталанып отырған екен. 

«Мен 16-шы үйде, құрбым 40-шы тұрғын үйде тұрады. Су мен жарық жиі сөнеді. Айына кем дегенде 2-3 рет жарық пен сусыз отырамыз», - дейді тұрғын.

Қала болған Қосшының мәселесі қашан шешіледі?

Ал әкімдік аппараты қала бойынша 19 жоба іске асырылып жатқанын жеткізді. Оның ішінде сумен жабдықтау желілерін салу, абаттандыру, балалар алаңдарын салу, су бұру желілеріне ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғанын айтты.

Қалада жыры ұзаққа созылған мәселенің тағы бірі – үш ауысымды мектептер. Қазіргі таңда Қосшыда 5 мектеп бар. Бұл туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.

«Мектептерде үш ауысым бойынша 5000 бала оқып жатыр. Бала саны тым көп. Бірақ енді 2 мектеп беріледі дейді. Оның өзі қашан екені белгісіз», – дейді қала тұрғындары.

Әкімдік үш ауысымды мектептердің мәселесін жоққа шығармады. Дегенмен бұл мәселе шешілу үшін жұмыс жасалып жатқанын айтты.

Қала болған Қосшының мәселесі қашан шешіледі?

«Қазіргі таңда қалада 3 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың жұмысы 2020 жылы басталды. Биыл құрылысы аяқталып, оқушылар жаңа оқу жылын жаңа мектепте жалғастырады деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар 2024 жылы 4 мектептің құрылысын бастау жоспарланған», - деді.

Қалада ресми 51 мың адам тіркелген, ал тіркеуде жоқ азаматтарды қосқанда қала тұрғындарының саны 80 мыңға дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ қаладағы жалғыз жеке меншік медициналық орталыққа 34 мыңға жуық тұрғын тіркелген.

Қосшы тұрғындары қаладағы жалғыз медицина орталығына қатысты да пікірлерімен бөлісті. Айтуларынша, жаңа емханада жедел жәрдем көлігі жетіспеушілігі бар екен.

Бұл туралы қала тұрғыны Қалимаш Беуқожаева айтып берді.  

«Емхананың 4-ші категориясы бойынша жедел жәрдем қызметі нашар. Екі ғана жедел жәрдем көлігі бар. Өткен жолы қан қысымым көтеріліп жедел жәрдем шақырғанда 1 сағат 50 минутта келді. Фельдшер қызметкері екі ғана көлік бар, оның біреуі бұзылып, жөндеуде тұрғанын айтты», - дейді ол.

Бұл мәселе бойынша емхана басшылығына да жүгініп көрдік. Олардың айтуынша, 4-ші категория бойынша мамандардың кешігуіне заңды түрде құқы бар екен. Дегенмен заңда дәл осы категория бойынша жедел жәрдем қызметі 60 минут ішінде келуі тиіс екені көрсетілген.

Қосшы қаласына іргелес орналасқан Тайтөбе ауылының тұрғындары да анализдерін өткізу, УЗИ-ге түсу үшін Қосшыдағы жалғыз емхананың көмегіне жүгінеді.

«Тайтөбедегі емханада өзіміздің дәрігерлеріміз бар. Қосшыға анализ тапсыру, УЗИ-ге түсу және қан тапсыру үшін келемін. Ұлым емханаға өзі апарады. Жедел жәрдем мамандарын шақыра бермеймін. Себебі, олардың келгенін ұзақ күтіп қаламыз», - дейді Тайтөбе ауылының тұрғыны.

Семей полигонының мүгедегі, бүгінде Қосшы қаласының тұрғыны,  Рахымбек Сүйенбаев да өз шағымын айтып қалды.

«Былтыр екі рет приступ болды. Эпилепсия болып, құлап қалдым. Сол кезде емханаға тексерілуге келгенімізде бір айдан кейінгі дәрігерге тексерілуге жазып қойды. Бір ай кезек күтіп, тексерілгеннен кейін ғана өз дәрігерімізге келеміз. Мүгедектігіне байланысты мамандардың жылдам көмек көрсетуі қарастырылмаған. Бұл жерде шұғыл көмек көрсету жағын қарастыру керек. Үйге жедел жәрдем шақырғанымызда тек екпе салып кетеді. Ал емханаға тексерілуге келсек жағдай осындай», - деді тұрғын.   

Қала болған Қосшының мәселесі қашан шешіледі?

Қала әкімдігінің айтуынша, қазіргі таңда қалада №1 қалалық емхананың құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша биыл пайдалануға берілуі тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға