Психологтарға дәрі-дәрмекпен емдеуге тыйым салынады

 Gov.kz
Фото: Gov.kz

Мәжіліс «Психологиялық қызмет туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Психологтарға психикаға белсенді әсер ететін заттарды және әдістерді қолдануға тыйым салынды. 

Осы заң арқылы елімізде алғаш рет психологиялық қызметті жүзеге асырудың кешенді құқықтық негізі қаланды. Саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары бекітілді. 

Заңның басты нормасының бірі – психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру. Осы тізілімге кіру кәсіби қызметті жүзеге асырудың міндетті шарты болады. Заң арқылы психологтардың және психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен міндеттері бекітіледі:

  • құпиялылық кепілдігі, 
  • келісім алу, 
  • кәсіптік стандартты сақтау,
  • әдеп стандартын сақтау керек.

 Қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету мақсатымен біліктілігіне, құзыретіне және кәсіби қызметтің мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын психологтың кәсіптік стандарты енгізіледі. Заң бойынша, психологиялық көмек пен медициналық қызметтің аражігі ажыратылады. Психологтар тарапынан дәрі-дәрмекпен емдеуге тыйым салынады.

Халықаралық практикаға сәйкес келетін бұл ереже азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Психологиялық көмек көрсетудің күндізгі, қашықтан және аралас нысандары, сондай-ақ оны ұсыну шарттары, соның ішінде өтініш білдірудің еріктілігі мен алушы үшін ақпараттың қолжетімділігі айқындалады.

Екінші оқылымға дайындық барысында депутаттар заңды онлайн-платформалар арқылы психологиялық көмек көрсетуді реттейтін нормалармен толықтырды. Психологтың әдеп кодексін сақтау талаптарын белгілеп, мамандарды мемлекеттік тізілімге енгізу және одан шығару тәртібін анықтады.

Оқи отырыңыз