Жаңалықтар

Президенттің Францияға сапарында 30-ға жуық келісімге қол қойылды

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды
Президенттің Францияға сапарында 30-ға жуық келісімге қол қойылды
Фото: Ақорда 30.11.2022 16:27 1359

Президенттің Францияға жасаған ресми сапарының басым бағыттарының бірі экономикалық ынтымақтастық болды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 
 "Мемлекет басшысы Францияның жетекші компанияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Кездесуде сауда, инвестиция, өнеркәсіп, көлік-логистика және энергетика салаларындағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Мұнай-газ саласында ірі кәсіпорын саналатын Total Energies компаниясы елімізге 12 млрд доллар инвестиция құйған. Директорлар кеңесінің төрағасы Патрик Пуянне Президентке оның компаниясы Қазақстанда тағы бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, қуаты 1 ГВт-тық жел электр станциясының құрылысы сөз болды. Нысан 2026-2027 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында пайдалануға беріледі. Жобаның болжамды құны – 1,9 миллиард доллар", - деп жазды Руслан Желдібай.
 

Президенттің Францияға сапарында 30-ға жуық келісімге қол қойылды


Оның мәліметінше, Air Liquide химия компаниясының президенті Франсуа Жаков Мемлекет басшысына оның компаниясы Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын жобаларды іске асырғаны туралы айтып берді.

"Компанияның қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорын Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарының негізінде техникалық газ өндірісін жолға қойды. Oranо S.A. компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовен KATCO бірлескен кәсіпорны Қазақстанда жылдық уран өндірісінің 15% және әлемдік өндірістің 7% өндіретінін жеткізді. Orano S.A. – Франция атом өнеркәсібі саласының көшбасшысы.
 
Атом энергетикасы мәселесі Électricité de France (EDF) бас директоры Люк Ремонмен болған кездесу барысында да қозғалды. Президент Люк Ремонмен атом энергетикасына озық технологияларды енгізу перспективаларын қарастырды. Аталған мәселе елімізде АЭС салу жоспары тұрғысынан өзекті. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды", - деп жазды баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ Alstom компаниясы елімізде  50 миллион еуро инвестиция құяды.

 
"Alstom компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Анри Пупар-Лафарж Мемлекет басшысына компания жақын арада электровоздар мен теміржол көлігі жабдықтарын өндіру, қызмет көрсету жөніндегі жобаларға 50 миллион еуро инвестиция құятынын айтты. Энергетикалық жабдықтар мен теміржол көлігі өндірісінде әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Alstom компаниясының сервистік орталықтары Астана, Алматы қалаларында, Жамбыл және Түркістан облыстарында ашылады. Бұл жобаларды іске асыруға мыңнан астам қазақстандық маман жұмылдырылады. Мемлекет басшысы Airbus, Saint-Gobain, Boehringer Ingelheim France, Soufflet Group, Total Energies, BPI France, Vicat, Syctom, Pellenc, Total Eren, PCM, Safran, Thales, Groupe EDF, Assystem, Evolution International, MHB SAS, Exa International, Rungis Semmaris, MBDA, SOPREMA және басқа да Францияның ірі компанияларының басшыларымен кездесті. Бұл шара Президенттің Парижге жасаған сапары аясындағы маңызды оқиғаның бірі болды", - деп жазды ол.

Президент өз сөзінде инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі мол бағыттарын ұсынды.

Президенттің Францияға сапарында 30-ға жуық келісімге қол қойылды

"Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, экономиканың нақты секторы, көлік және логистика, цифрландыру салаларындағы жобалар туралы сөз болды. Мемлекет басшысының Францияға сапары аясында экономикамызға зор пайда әкелетін отызға жуық келісімге қол қойылды. Осылайша, Президенттің Париждегі әрбір кездесуінде нақты жобаларды іске асыруға, миллиондаған долларлық инвестиция мен озық технологияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін келісім-шарттар жасалды", - деп жазды Руслан Желдібай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға