Жаңалықтар

Президенттікке үміткерлер сайлаушылармен кездесуді жалғастырып жатыр

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлім етті
Президенттікке үміткерлер сайлаушылармен кездесуді жалғастырып жатыр
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 07.11.2022 15:07 1778

7 қарашада ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабқа барды, деп хабарлайды El.kz

Іс-шара барысында кандидат қала активімен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі қаулылары жөнінде баяндап берді.

Атап айтқанда, мемлекетте саяси реформаларды жүргізу қажеттілігіне тоқталды. Қазақстан алдында тұрған басты мәселе – парламенттік-президенттік республика құру.

Кандидаттың пікірінше, біз билік бір адамның қолына шоғырланатын президенттік басқару үлгісінен бас тартуымыз қажет. Үкімет адал, бәсекелес бизнестің дамуына мүмкіндік бермейтін олигархтарды емес, халықтың мүддесін қорғауы тиіс.

 

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының 16 күнінде алты өңірде болды.

Астанада, Қарағанды ​​облысында, Ақмола облысында, Түркістан облысында, Шымкент және Алматы қалаларында халықтың түрлі топтарымен кездесулер өткізді.

16 күн ішінде штаб ұжымы қазақстандықтарды кандидаттың сайлауалды бағдарламасы мен жоспарларымен таныстыру үшін өте көп жұмыс істеді.

Салтанат Тұрсынбекова өзін ел Президенттігіне кандидат етіп ұсынған «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне сайлау науқанында бүгінге дейін жасалған жұмыстар бойынша қорытынды есеп берді.

 

Қарақат Әбден «Суицидпен күрес жөнінде ұлттық стратегиялық жоспар» әзірлеуді ұсынды

Бұл туралы Жезқазған қаласында өткен арнайы дөңгелек үстел барысында белгілі болды. ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбденнің бұл ұсынысын жиынға қатысқан сайлаушылар, психолог мамандар мен ювеналды полиция органдарының ардагерлері, аналар кеңесі мен ардагерлер кеңесінің мүшелері қолдады. Дөңгелек үстел барысында өзекті тақырып бойынша статистикалық мәліметтер келтірілді. 2018-2022 жылдар аралығында 18 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаса, 21 мыңнан астам қазақстандық өзіне қол салуға әрекет еткен. Белгілі болғандай, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау бойынша алғашқы 20 елдің қатарында болса, балалар мен жастар арасындағы суицид бойынша еліміз әлемде алғашқы үштікке кіреді.

«Бұл нағыз дабыл қағатын мәселе. Мұндай қайғылы көрсеткіштер бізден жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді. Сондықтан бүгінгі жиында «Суицидпен күрес жөнінде ұлттық стратегиялық жоспар» әзірлеуді ұсындым. Ол үшін арнайы ведомствоаралық комиссия құрылып, заңнамалық талаптарға сәйкес Парламенттік тыңдалымда аталған сұрақ тыңдалуы тиіс», - деп жеткізді Қ. Әбден. Үміткердің айтуынша, балалар мен жастардың өз-өзіне қол жұмсауына әлеуметтік сұрақтар мен ұлттық, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі себеп. 

 

ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен сайлаушылармен кездесу үшін Ақтөбеге келді.

Алғашында Ақтөбе рельс-арқалық зауытының қызметкерлерімен кездесті.

Мейрам Қажыкен өзінің сайлауалды тұғырнамасының мақсат-мүдделерімен таныстырды. Тиісінше ұсынылған барлық реформалар республиканың әрбір азаматының өмір сүру сапасын жақсартуға және оның құқықтары мен мүдделерін сақтауға бағытталғанын жеткізді.кездесу барысында, әйелдердің зейнеткерлік жасының төмендеуі, қауіпті және зиянды еңбек жағдайларымен байланысты қызметкерлердің ерте зейнетке шығуы, жалақының ашық және айқын есебі жайлы тақырыптар қозғалды.

Кандидат сөз барысында  Германия елін мысал етіп, ол жақта ең төменгі жалақыны мемлекет емес, жұмыс берушілер қауымдастығы мен кәсіподақтар анықтайтынын айтты.

«Германияда екі негізгі құжат бар-тарифтік келісім және жеке еңбек шарты. Бірінші құжатта еңбек жағдайлары мен ең төменгі табыс мөлшері көрсетілген. Бұл келісім мемлекеттік органдарға бекітуге жіберіледі. Елдегі экономикалық жағдайға байланысты екі құжат, жалақыны кезең-кезеңімен ұлғайту жағына қарай қайта қаралады. Яғни, бұл әлеуметтік әріптестіктің жақсы үлгісі, онда жұмыс берушілер мен кәсіподақтар өзара келісіп, мемлекетпен тең дәрежеде маңызды экономикалық шешімдер қабылдайды», - деп атап өтті кандидат.

 

ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев бүгін Фарид Әбитаев басқаратын майлы дақылдардың тәжірибе шаруашылығы қызметкерлерімен кездесті.

Ұжым бүгінде сүт өндіру және өсімдік шаруашылығы бойынша республикада өте жоғары көрсеткішке ие. Майлы дақылдардың тұқым шаруашылығы саласында жетекші орында. Өз селекциясын жүргізетін заманауи тәжірибе жасау алқаптары бар. Былтыр «Ауыл» партиясы, Фарид Әбитаев және майлы дақылдардың тәжірибе шаруашылығы «Жаңа Қазақстанға жаңа ауыл» бағдарламасы аясында ШҚО-ның шалғай аудандарында МДТШ есебінен жаңа жерлерді игеруге, шағын шаруа қожалықтарының кірісін арттыруға  жақсы мүмкіндік беретін, тауар өндірушілер үшін тегін майлы дақылдардың күнбағыс гибридін екті.

Кандидат Жигули Дайрабаев партияластарымен, МДТШ еңбек ұжымымен кездесу барысында тәжірибелік алқаптарды аралап, сайлауалды бағдарламасымен бөлісті, елімізді аграрлық державаға айналдыру үшін қорға осындай жақсы тұқымдар қажет екенін айтты. 

 

Тоқаевтың штабы Қостанай және Ақмола облыстарының тұрғындарымен кездесті
 

Президенттікке үміткерлер сайлаушылармен кездесуді жалғастырып жатырБүгін Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қостанай және Ақмола облыстарының сайлаушыларымен 60-тан астам кездесу өткізді.

Мәселен, Қостанай облысының Әулиекөл ауылында өрттен зардап шеккен жергілікті тұрғындармен кездесу өтті.

«Бүгін Республикалық штабтың мүшелері Әулиекөлге ең алдымен аудан тұрғындарымен кездесу үшін келді. Әулиекөлде зардап шеккен тұрғындарға арналып, екі айдан аз уақыт мерзімде жаңадан «Бірлік» шағын ауданы бой көтерді. Баспанасынан айырылған 91 отбасы күн суымай тұрып жаңа үйге кірді», – деп атап өтті Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы А.Оралов.

Қостанайда өңір жұртшылығымен кездесу өтіп, онда РҚШ мүшелері әділетті өңірлік саясатты қамтамасыз етуге бағытталған сайлауалды бастамаларды түсіндірді.

Сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан жұмыспен қамту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелерін ССКӨБ, «Агромашхолдинг», «Баян Сұлу» және т. б. кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесу барысында талқылады.

Ақмола облысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында РҚШ мүшелері кандидаттың білім беру құндылықтарын ілгерілету, білім және ғылым саласын, жастар саясатын дамыту жөніндегі бастамаларын назарға алды.

Бұдан соң, өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтарының өкілдерімен іс-шара өтті. РҚШ мүшелері сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан аграрлық секторды дамыту жөніндегі шараларды түсіндірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға