Жаңалықтар

Президенттікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Бұл туралы штабтың баспасөз қызметі мәлім етті
Президенттікке үміткерлер сайлаушылармен кездесті
Фото: Штабтың баспасөз қызметі 09.11.2022 16:50 1189

9 қарашада ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Астана қаласында сайлаушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz

Кездесу барысында кандидат жиналған қауымға сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.

Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, мемлекет алдында тұрған басты мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету. Ол үшін бірқатар саяси реформаларды жүзеге асыру керек.

Реформалардың бірі бюджет процедураларын жетілдірумен айқындалады. Әр елді мекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режимінде онлайн түрде мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқандығы ашық көрсетіліп отыруы керек.

Кандидат Жигули Дайрабаев «DANMARD» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кандидат олармен еңбек адамының рөлін арттыру және елдегі жеңіл өнеркәсіптің жай-күйі мәселелерін талқылады.  

«DANMARD» ЖШС әскер мен өрт сөндірушілерге киім тігеді. Кәсіпорын бүгінде өз өндірісін дамытуда және жетілдіруде. Кездесуде кандидат өзінің сайлауалды науқаны аясында еңбек адамының рөлі мен маңыздылығын арттыруға қол жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Жигули Дайрабаев сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыстардың  әділ бөлінуі тиіс екеніне тоқталып, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялар тек импорттық тауарларды сатып алатынын атап өтті.

 

Кандидат Мейрам Қажыкен Ақтауға жұмыс сапарымен келді.

Мұнда ол теңіз сауда портына барды. Порт қызметкерлері паром кешені, мұнай құю айлақтары, астық және құрғақ жүк терминалдары, тиеу-түсіру кешені, Портофлот, «Баутино» жүк ауданы, оның инфрақұрылымы туралы айтып берді. Барлық нысандар тәулік бойы жұмыс істейді. Бір уақытта портта 9 кеме өңделуі мүмкін. Жүктерді ауыстырып тиеу қуаты 17,7 млн тоннаны құрайды.

М. Қажыкен кездесу барысында порт қызметкерлеріне өзінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Тиісінше  порттың ел үшін халықаралық ауқымдағы үлкен экономикалық мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Ақтау порты-үлкен әлемге жетелер қақпа. Оның жүктерді ауыстырып, тиеуді ұлғайту үшін әлеуеті бар. Елдегі көлік логистикасы жүйесіндегі маңызы зор», - деді кандидат.

 

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қостанайда құқық қорғаушылармен және заңгерлермен кездесу өткізді.  Онда ол елдегі басшылық қызметтегі әйелдердің құзыреттілігі төмен екенін айтты.

 «Қазақстандағы басшылық лауазымдардағы гендерлік өкілдіктің жағдайы аса мәз емес.  Әйелдер ел халқының басым бөлігін құраса да, басшылық қызметтегі әйелдер саны өте аз.  Құзыреттілік жоқтығынан әйелдердің пікірі ескерілмейді», - деді ол.

 Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстан Республикасының халқы 19 миллион адамды құрайды, оның 52 пайызы – әйелдер.  2020 жылғы есепке сәйкес, елімізде жұмыс істейтін әрбір екінші әйелдің (47,3%) жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болды.  Жоғары білімді жұмыспен қамтылған ерлердің үлесі небәрі 38,1% құрайды.

«Біздің елде әйелдер көп, олардың арасында білімдісі де көп.  Бірақ басшылық қызметтерде көзге көрінетін теңгерімсіздік бар. Оған мына жағдайларды мысал ретінде алуға болады: қазір бізде облыс немесе республикалық маңызы бар қаланың бірде-бір әйел әкімі жоқ.  Тек екі әйел министр бар.  Содан кейін олар әдеттегідей әйелдер ғана басқаратын - денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау салалары.  Парламенттегі әйелдердің саны үштен біріне де жетпейді», - дейді ол.

 Сондай-ақ спикер партиялық тізімдерге әйелдер мен жастардың кем дегенде 30 пайызы кіруі керек деген квота туралы да айтты.

 

Бүгін Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Павлодар облысының жұртшылығымен, жастарымен және кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді.

Екібастұзда РҚШ мүшелері ашық әдіспен көмір өндіретін әлемдегі ең ірі «Богатырь» кенішінің ұжымымен кездесіп, кеншілерге кандидаттың саясатындағы жұмысшы құқықтарын қорғауға қатысты басымдықтарын түсіндірді.

 «Әділетті Қазақстанның негізін ең алдымен еңбек адамы құрайды. Оның адал өнімді еңбегі құрметтелуі, қорғалуы және оған лайықты еңбекақы төленуі тиіс. Жұмысшылардың табысы кәсіби шеберлігіне және жауапкершілігіне байланысты болуы керек. Жастардың еңбек етуге деген ынтасын арттыру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы осыны көздейді», – деді Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы А.Оралов.

 

Сонымен қатар, Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің Қызылорда облысындағы сайлауалды кездесулері өтті. Ол жақын және шалғай жатқан елдімекендердің жағдайымен танысып, Арал қаласына ат басын бұрды.

Облыстағы үлкен аймақтардың бірі болып саналатын Арал қаласында ол жергілікті халықпен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бұдан бөлек, кандидат осы өңірде ұлттық және отбасылық құндылықтарды негізге алып, кәсібін дөңгелетіп отырған отбасылық бизнес өкілдерімен кездесті.

Аралда қозғалған маңызды тақырыптар Қызылорда қаласындағы кездесуде жалғасын тапты. Жиын барысында қоғамдағы өзекті мәселелер, өскелең ұрпақ пен жастар тәрбиесі, отбасы институның мәні талқыланды. Кандидат қоғамның дертіне айналған синтетикалық есірткі, құмар ойындар мен жат мәдениетке еліктегіш жастардың әрекеттеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұған ұлттық құндылықтардың тиісті деңгейде насихатталмауы, отбасы тәрбиесінің әлсіреуі себеп.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға