Жаңалықтар

Президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова дауыс берді

Учаскеде барлығы 1777 азамат тіркелген
Президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова дауыс берді
Фото: El.kz 20.11.2022 10:51 1001

ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова Астана қаласындағы 107 сайлау учаскесіне келді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кандидат демократиялық елде әр азамат өз пікірін білдіруге және таңдауын жасауға құқылы екенін атап өтті.

"12 өңірге үгіт-насихат жұмысымен бардық. Әр өңірде 20 штаб құрылған болатын. Бара алмаған өңірде штабтар халықпен белсенді жұмыс істеп, бағдарламамда көзделген міндеттермен таныстырды. Халықпен күнделікті байланыста болдық. Біз жұмыс істеген жұмыстың нәтижесіне ризамын. Бағдарламамның әр бақыты мен үшін маңызды. Қай статуста жүрсем де азаматтардың құқықтарын қорғаймын, бар күшімді саламын және жалғастырамын. Жаңа Қазақстанда ешқандай заңға қарама-қайшы қысым болмау керек", — деді Салтанат Тұрсынбекова.

Астана қаласы "Есіл" ауданының №107 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Қайсар Жақсыбаев учаскеде барлығы 1777 азамат тіркелгенін тілге тиек етті.

"Таңнан бері келушілердің саны толастаған жоқ. Бүгінгі туған күн иелері мен алғаш дауыс берушілер және ең үлкен қарияға сыйлық беріледі. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары", — деді комиссия төрағасы.

Еске сала кетейік, Президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан сайлауға қатысуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға