Жаңалықтар

Президентке қастандық жасамақ болған адам 17 жылға сотталды

Сот отырысы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 29-бабына сәйкес жабық өтті
Президентке қастандық жасамақ болған адам 17 жылға сотталды
Фото: polisia.kz 01.10.2022 13:05 1138

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты А. атты айыпталушыға үкім шығарды, деп хабарлайды El.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот отырысы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 29-бабына сәйкес жабық өтті. 

Үкімге сенсек, А. кінәлі деп танылған және оған мынадай жаза тағайындалған: 

- мемлекетке сатқындық жасағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айыру

- бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, Еуразия экономикалық одағының шекарасынан қару алып өткені үшін 9 жылға бас бостандығынан айыру

- бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, атыс қаруын, жарылғыш затты заңсыз сатып алып, тасымалдағаны, сақтағаны үшін 7 жылға соттау

- бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, оқ-дәрі, жарылғыш зат дайындағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айыру

- Қазақстан Президентіне өшігіп, оның өміріне қастандық жасауға дайындалғаны үшін 10 жылға соттау

- терроризм актісіне дайындық жасағаны үшін 10 жыл

- құқық қорғау, арнайы меморган қызметкерлері мен әскерилердің өміріне қастандық жасауға бел буғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыру

- шағын және аса ірі көлемде есірткі сатып алып, сақтағаны үшін 5 жылға соттау. 

Қылмыстық кодекстің 58-бабы 4-бөліміне сай оған жалпы жиыны 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол осы уақытты қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өткізеді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға