Жаңалықтар

Президент Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топ Қызылорда облысында болды

Президент Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топ Қызылорда облысында болды
17.10.2018 11:30 2054

Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын Қызылорда облысының халқына Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов түсіндірді.

Ол басшылық еткен республикалық ақпараттық топ мүшелері облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге өңірдің белсенділерімен кездесу өткізді. Басқосу барысында Қалмұханбет Қасымов жиынға қатысушыларға бағдарламалық құжатта көрсетілген  негізгі бағыттар, сондай-ақ Президент Әкімшілігімен бірге әзірлеген қазақстандық полицияны жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

Еліміздің бас полицейінің айтуынша, аталған жол картасында Ішкі Істер министрлігінің штаттық санын оңтайландыру жоспарланған. Соған сәйкес, басқарушы буын қызметшілерін қысқарту, полицияны артық функциялардан арылту көзделген. Бұдан бөлек, полицияның қызметін бағалау талаптарын түбегейлі өзгерту және оның жұмысын сервистік модельге көшіру жоспары әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар министр тұрғындармен жұмыс істеуде полиция заманауи форматтарға көшірілетінін жеткізді. Ол үшін қазір жаңа полиция стандарттары әзірленіп жатқан көрінеді. Оған қоса, полицейлердің нысандық киімі де жаңа үлгіде тігілетін болды. Қалмұханбет Қасымов сонымен қатар өзі басқаратын ведомствоға қарасты оқу орындарының қайта реформалау мәселелеріне тоқталып, полицияның «102» жедел қызметі жаңаша форматта жұмыс істей бастайтынын да жеткізді.

Оның айтунша, Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысында терең сапалы өзгерістердің қажет екенін айтты. "Қоғам біздің жұмысты түбірімен жақсарғанын қалайды, қоғам тарапынан полицияға сенімділік деңгейінің артуы және тұрғындардың қауіпсіздігі - полицияның жұмысына әділ баға беретін басты көрсеткіш болып табылады", деп атап өтті Қалмұханбет Қасымов.

Сонымен қатар Ішкі Істер министрі облыс әкімімен бірге Жол картасы шеңберінде өзі басқаратын ведомствомен, «Зерде» Ұлттық холдингімен және облыс әкімдігімен бірлесе бекіткен «112 бірыңғай кезекші қызмет» пилоттық жобасының құрылуы мен іске асырылуы жөніндегі жұмысты пысықтады.

Айта кету керек, «112» бірыңғай кезекшілік қызметінің операторлары тұрғындардан түсетін қоңырауларын қабылдап, олардың шағымданған мәселелері бойынша нақты бағыттағы диспетчерлермен байланыстырады. Айталық, өрт сөндіру, полиция, жедел жәрдем, төтенше жағдайлар қызметтерімен дереу байланыс орнатып береді. Бұл жоба әзірге Астана қаласы мен Қызылорда облысында сынақтан өткізіліп жатыр.

Сапар барысында Қалмұханбет Қасымов сондай-ақ ішкі істер, төтенше жағдайлар жөніндегі және қылмыстық-атқару жүйесінің жергілікті департаменттері қызметкерлерімен кездесу өткізді. Шара барысында ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту бойынша Президенттің тапсырмалары туралы түсініктеме беріп, оларды орындау мақсатында атқарылып жатқан нақты шаралар жөнінде толымды ақпарат берді. Бұдан бөлек, министр облыстық полицияның бірқатар құрылымдық бөлімдерінің жұмысымен танысты.

Асан Қалиахмет

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға