Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың, ал Қарағанды медицина университетіне Петр Поспеловтің есімін беру туралы бастаманы жариялады. Екі ғалым да отандық денсаулық сақтау мен медицина ғылымының дамуына зор үлес қосқан тұлғалар саналады. Олар қандай еңбегімен есте қалды? Бұл жөнінде El.kz интернет порталы шолу жасады.
«Ұлттық университет» атанды
Ең алдымен, Астана медицина университетіне «ұлттық университет» мәртебесін беру бастамасы сөз болды.
Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған «Астана медицина университеті» цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді. Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын, – деді президент.
Сонымен бірге президент астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды екенін атап өтті.
Ал Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдаймын. Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ақордада президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні.
Еңбек жолын дәрігерліктен бастаған Шармановтың еңбегі ерен
Төрегелді Шарманов – Қазақстандағы тағамтану ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалымдардың бірі. Ол медицина ғылымдарының докторы, академик әрі қоғам қайраткері ретінде елдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға зор үлес қосты.
Ғалым еңбек жолын дәрігер ретінде бастап, кейін Қазақ КСР денсаулық сақтау министрі қызметіне дейін көтерілді. Оның бастамасымен ана мен бала денсаулығын қорғау, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және халық арасында дәрумен тапшылығының алдын алу бағытында ауқымды зерттеулер жүргізілді.
Төрегелді Шарманов Қазақстанда тағамтану ғылымының дамуына ерекше еңбек сіңірді. Ол Қазақ тағамтану академиясын құрып, ұзақ жылдар бойы осы саланың ғылыми әлеуетін арттыруға күш салды. Ғалымның зерттеулері халықтың дұрыс тамақтану қағидаларын қалыптастыруға және денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағдарламаларды әзірлеуге негіз болды.
Сондай-ақ академик 1978 жылы Алматыда өткен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференцияның ұйымдастырылуына атсалысып, әлемдік денсаулық сақтау тарихындағы маңызды құжаттардың бірі саналатын Алматы декларациясының қабылдануына үлес қосты.
Өмір жолында ондаған ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлаған Төрегелді Шарманов отандық медицинаның дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға ретінде тарихта қалды.
«Қарағандылық дәрігерлердің атасы» атанған Поспелов
Ал Петр Моисеевич Поспелов – Қарағанды медицина мектебінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан дәрігер, ғалым және ұйымдастырушы. Ол Қарағанды мемлекеттік медицина институтының алғашқы ректоры ретінде тарихта қалды және оқу орнын 1950 жылдан 1974 жылға дейін басқарды. Оның жетекшілігімен институт қысқа мерзімде Кеңес одағындағы беделді медициналық жоғары оқу орындарының біріне айналды.
Поспелов 1903 жылы Ставрополь өлкесінде дүниеге келген. Кубань медицина институтын тәмамдағаннан кейін дәрігер болып еңбек жолын бастады. 1933 жылы Қарағандыға келіп, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытуға белсене араласты. Әуелі аурухана дәрігері, кейін бас дәрігер, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қарағандыдағы эвакуациялық госпитальдардың жұмысын үйлестіріп, мыңдаған жаралы жауынгерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырды. Ол Қарағанды облысындағы денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға атсалысқан негізгі тұлғалардың бірі саналады.
Петр Поспелов ғылыммен де айналысты. Оның жетекшілігімен бірнеше кандидаттық диссертация қорғалып, өзі 70-тен астам ғылыми мақала жариялады. Сонымен қатар медицина саласына арналған ғылыми жинақтардың редакторы болды.
Қарағанды медицина университетінің тарихы Петр Поспеловтың есімімен тығыз байланысты. Сондықтан оны өңір дәрігерлері «қарағандылық дәрігерлердің атасы» деп құрметпен атайды. Оның еңбегі бүгінгі күні де Қазақстан медицинасының даму тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағаланады.