Президент ҰБТ нәтижесі төмен өңірлерде жұмысты күшейтуді тапсырды

Президент ҰБТ нәтижесі төмен өңірлерде жұмысты күшейтуді тапсырды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі. Ол білім сапасындағы аймақтық алшақтықты азайтып, төмен нәтиже көрсеткен өңірлердегі жұмысты күшейту қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқталып, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы нәтижелерді жақсарту қажет.

Әсіресе, тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз. Бірақ облыстағы жағдайды дағдарыс деп те айтуға болмайды. Мәселе мынада: облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет. Жалпы, төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырамын, – деді ол.

Сонымен қатар Президент әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, білім көрсеткіші төмен облыстарға нақты көмек көрсету, соның ішінде арнайы талдау жүргізу тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңғырту қажеттігін де айтты. Оның пікірінше, білім беру бағдарламалары оқушыларды ілгерілеуге, прогреске және заманауи білімге бағыттауы керек. Бұл ретте оқу бағдарламаларын әзірлеу құзырлы министрліктің маңызды міндеті ретінде белгіленді.

Президент «Келешек мектептері» жобасына да ерекше мән берді. Оның айтуынша, бұл мектептер инновациялық шешімдерді енгізіп, ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыруда маңызды рөл атқаруы тиіс. Алдағы үш жылда «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуы қажет.

Президент білім саласындағы әлеуметтік желідегі пікірталастарға да тоқталды.

Көбіңізге белгілі, әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы және қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды. Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда. Әрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек әңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мәселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі. Осыны ескерген жөн, – деді президент.

Оқи отырыңыз