Президент тапсырмасы орындалды: Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енді

Президент тапсырмасы орындалды: Маңғыстаудың жерасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енді
Фото: Ерлан Қариннің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Маңғыстау өңіріндегі Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Тиісті шешім 25 шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында қабылданды.

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин бұл тарихи жетістік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы мен тікелей қолдауының нәтижесі екенін атап өтті.

«Бұл – президенттің нақты тапсырмасының орындалуы. 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекет басшысы Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде бүгін Қазақстан үшін маңызды тарихи шешім қабылданды», – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Қазақстанның мәдени мұрасы ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын енгізілген еді. Кейінгі жылдары президенттің бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, сапалық жаңа деңгейге көтерілді.

Ерлан Қариннің айтуынша, Маңғыстаудың жерасты мешіттері тек діни ғибадат орындары ғана емес, өз дәуірінде білім мен ағартудың маңызды орталықтары болған. Бұл нысандар халқымыздың тарихи жадын, рухани мұрасы мен сәулет өнерінің көпғасырлық дәстүрін айшықтайды.

Президент тапсырмасы аясындағы бұл жетістік Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға жол ашып, еліміздің туристік әлеуетін арттыруға және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Ерлан Қарин мемлекет басшысының ЮНЕСКО тізімдеріне ұлттық номинацияларды енгізу жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Алдағы кезеңде Жаркент мешітін, Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборын, Қаратау петроглифтерін және Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылады.

Оқи отырыңыз