Президент 2030 жылға дейін суармалы егіс алқаптарының көлемін 1 миллион 300 мың гектарға жеткізуді міндеттеді.
Тағы бір міндет – суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру. Бұл аса маңызды мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Осы тақырып төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Қазіргі таңда 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл жалпы ауданның жартысына да жетпейді. 2030 жылға дейін кемінде 1 миллион 300 мың гектар жерді қамту міндеті тұр. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Үкіметке аталған шаруаны тұрақты күн тәртібіне енгізуді, яғни, күнделікті жұмыс ретінде қарауды тапсырамын.Бүгінде 4,6 мың шақырым суару арнасына реконструкциялау мен жөндеу жұмыстары басталды. Мың шақырымға жуығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен ұштастырғаны абзал. Егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізуге күш салуымыз керек. Өздеріңізге мәлім, жер қателікті көтермейді. Бірақ аялап, ұқыпты қараса, көл-көсір пайдаға кенелтеді. Мұны сіздер жақсы білесіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде климаттық сын-қатерлерді ескеру қажет екенін айтты.
Қазір келесі жылға және одан кейінгі орта мерзімді кезеңге арналған әлемдегі климат ахуалы жайында түрлі болжамдар жарияланып жатыр. Климаттық күн тәртібі геосаясатпен және экономикамен тығыз байланысты. Мәселен, климаттың күрт нашарлап бара жатқанына және алдағы қуаңшылыққа байланысты алаңдаушылық жиі айтылады. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуге байланысты пікірімде осыған тоқталдым. Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін. Ауа райындағы ауытқулар қуаңшылыққа, өртке, су тасқынына душар етуі, соның салдарынан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі қиындыққа тап болып, әлемдік жеткізу тізбегі бұзылуы ықтимал. Ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын басқару ісінде біз осындай қауіп-қатерлердің бәрін ескеруіміз керек. Біз бұл мәселені енді қолға алып жатырмыз. Бірақ жүрісіміз баяу. Өйткені еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндет. Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында азық-түлік қауіпсіздігімен айналысатын халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқан. Салалық министрлік аталған ұйыммен бірге әлемдегі күрделі ахуалды ескере отырып, Қазақстанға және біздің серіктестерімізге арналған ұсынымдар әзірлей алады, – деді ол.