Жаңалықтар

Президент «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады

Президент «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовті қабылдады
Фото: t.me/aqorda_resmi 11.09.2023 14:00 344

Президентке ұлттық компанияның биылғы бірінші жартыжылдықтағы негізгі қаржы-шаруашылық көрсеткіштері және газ саласын реформалау жұмыстарының барысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «QazaqGaz» ҰК» акционерлік қоғамы 2022 жылдың басынан бастап Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында өз қаражаты есебінен сомасы 400 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаларды іске асырғаны жөнінде баяндалды.

Былтыр жыл басынан бері ұлттық компания халық пен бизнес үшін газ бағасын 389 миллиард теңгеге субсидиялады. Осы кезеңде 450 мыңға жуық қазақстандық табиғи газға қол жеткізді.

Мемлекет басшысына газ тапшылығы мәселесінің шешілуіне қатысты мәлімет берілді. Санжар Жаркешовтің айтуынша, қабылданған шаралар алдағы күзгі және қысқы кезеңде Қазақстанда табиғи газбен артығымен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральды газ құбырының екінші желісіне қатысты жобаның жүзеге асырылу барысы және Қытай Халық Республикасымен жаңа экспорттық келісімшартқа қол қойылуы жөнінде ақпарат берілді.

Бұдан бөлек, Президентке газ саласының орта мерзімді стратегиясын жүзеге асыру, газ өңдеу қуатын ұлғайту және елімізді одан әрі газбен қамтамасыз ету перспективалары жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына газдың ресурстық базасын кеңейту жұмыстары туралы да баяндалды. «QazaqGaz» ҰК» АҚ төрағасының айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін жаңа Анабай газ кен орны іске қосылады, сондай-ақ Придорожное кен орнын игеруге дайындық басталды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарыққа газ жеткізуді тұрақты түрде қамтамасыз етуге, жылыту маусымына уақтылы дайындалуға, үнемді тұтыну тұжырымдамасын енгізуге және баға белгілеу ісін реформалауға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға