Жаңалықтар

Президент Орталық Азия мен АСЕАН елдерінің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы айтты

Президент Орталық Азия мен АСЕАН елдерінің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы айтты
Фото: Ақорда 24.05.2024 14:29 332

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және АСЕАН елдерінің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің сөзінше, бүкіл жетекші державалармен тату қарым-қатынас жасайтын Орталық Азия елдері зор мүмкіндіктерге ие.
Жас әрі қуатты халық, қалыптасып келе жатқан орта тап, табиғи және ауыл шаруашылығы ресурстарының байлығы, транзит әлеуеті өсім үшін берік негіз қалайды. Аймақтың экономикасы қарқынды дамыса, оның стратегиялық маңызы да арта түседі. Орталық Азия елдерінің жыл сайынғы консультативтік кеңесі, Ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағы және Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы қарым-қатынастар өңіріміздің дербес ынтымақтастық құруға қабілетті екенін көрсетеді. Біздің өңір жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мен барша серіктестерімді бізге осы тұрғыдан қарауға шақырамын. Менің ойымша, Сингапурдың АСЕАН кеңістігінде ашық әрі инклюзивті аймақтық архитектураны құруды көздейтін «өзара тоғысатын достар ортасы» ұғымы – Орталық Азия үшін де өте өзекті. Дәл сол себепті Орталық Азия С5+ ынтымақтастық тетігін құру бастамасын көтерді. Біз өзекті өңірлік міндеттерді шешу үшін барша мүдделі тараппен жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, өзара сыйластық пен ортақ мақсаттарға негізделген әріптестік қатынастарды нығайтуға және баршаға ортақ бейбіт әрі жарқын болашақ құру жолында күш біріктіруге шақырды.

Президент Орталық Азия мен АСЕАН елдерінің халықаралық қатынастардағы рөлі туралы айтты

Дәрістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси қақтығыстарды реттеу, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, орта державалардың рөлі, Қазақстан мен Сингапурдың ынтымақтастығын дамыту перспективасы туралы бірқатар сұраққа жауап берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға