Жаңалықтар

Президент күрес түрлерінен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады

Президент күрес түрлерінен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 15.04.2023 12:19 883

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Астанада өткен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарқын жетістіктерімен құттықтады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

– Сіздер байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтаттыңыздар. Боз кілемде жеңіске деген ерік-жігер мен шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйладыңыздар. Бұл – табандылық пен қайсарлықтың, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз. Еліміз күрес өнерін дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балуандарымыздың дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрінуі – соның айқын дәлелі, – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Мемлекет басшысы спортшыларымыздың алдағы уақытта да аламан сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін көтере беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сары құрлық бәсекесінде жалпы есепте жеті алтын медаль иеленді. Азия біріншілігінің толық нәтижесін мына сілтеме арқылы біле аласыздар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға