Жаңалықтар

Президент БҰҰ мінберінде Құран кітапты өртеу әрекеттеріне қатысты мәлімдеме жасады

Президент БҰҰ мінберінде Құран кітапты өртеу әрекеттеріне қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Ақорда 20.09.2023 04:35 509

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құран кітапты өртеу әрекеттеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Президент келер жылы өтетін Болашақ саммитінде Қазақстан қолдаушы рөлін атқаратынын атап өтті.

Біз Бас хатшы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде сындарлы және қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқарады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса Президент БҰҰ залына жиналған мемлекет басшылары адамзаттың болашағына жауапты екенін баса айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға