Жаңалықтар

«Президент барды, ал министр әлі отыр». Жаңбыршин энергетика министрінің мәселелі өңірлерге неге бармағанын сұрады

«Президент барды, ал министр әлі отыр». Жаңбыршин энергетика министрінің мәселелі өңірлерге неге бармағанын сұрады
Фото: t.me/mazhilis_kz 21.06.2023 12:57 1015

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәселесі бар өңірлерге неліктен әлі күнге дейін бармағанын сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі отырысқа бір де бір орган дұрыс дайындалып келмеген. Жауаптары тұшымсыз. Нақты жауаптары жоқ. Барлығы «вокруг да около». Энергетика министрінің министр болғанына 3 ай болды. Бұрын осы салада жұмыс істеген азамат. Министрліктің, энергетиканың жағдайын біледі деп есептейміз. Бірақ бір де бір «проблемный» қалаға бармаған. Президент барады, депутаттар барады. Бірақ энергетика министрі не Екібастұзда, не Риддерде, не Теміртауда, не Кентауда, не Арқалықта, тіпті Астанадағы ЖЭО-3-те болмаған. Сонда бұл қалай жұмыс істейді? Энергетика саласы ол кабинетте отырып жұмыс істейтін дүние емес. Оны барып, ұстап, көріп қана реттейтін мәселе. Енді менің сұрағым, жылу маусымына қай қалалар дайын болмайды? Сондай тәуекел бар ма? - деп сауалын қойды.

Сонымен қатар ол елімізде 70-ке жуық ЖЭО тозғанын атап өтті. Осыған байланысты қандай кесте және карта құрылғанын сұрады.

Кез келген басшының қолында карта болады. Сізде ең болмаса карта бар ма? Біз қай өңірде, қай жерге және қай уақытта жаңғырту жасаймыз? Қайтадан құрамыз немесе жаңасын саламыз деген сияқты, ақшасы, мерзімі жөнінде карта бар ма? - деп сұрады Жаңбыршин.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өңірлерді аралау тұрғысынан кесте дайындап қойғанын және жергілікті атқарушы органдармен келіскенін түсіндірді.

Біз өңірлерді премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен бірге аралайтын боламыз. Біз неге әлі өңірді аралауға шықпадық дегенге келетін болсақ, себебі көптеген объектіде әлі де дайындық жұмыстары басталмады. Қазіргі таңда жөңдеу жұмыстарының басталуын күтіп отырмыз. Бізде карта бар. Тіпті көрсете аламын. Қауіп тудырып отырған Риддер, Текелі, Семейдегі ЖЭО-1, Павлодардағы ЖЭО-2, «ҚазАтомПром» ЖЭО, Жезқазған, Шымкент, Арқалық жылу электр орталықтары. Өңірдегі бірқатар орталықта тәуекелдер бар, - деді энергетика министрі.

Бұл мәселе бойынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та пікір білдірді.

Сіз жұмысты бастағанша, қыс басталып кетеді. Сіз қай өңірлердің ЖЭО жұмысымен таңыстыңыз және ол жақтағы ахуал қалай? Нақты сұрақ қойылды. Соған жауап берсеңіз. Кестені айтып отырудың не қажеті бар?! Президент мәселесі бар өңірлерді дайындық, жөндеу жұмыстары басталса да, басталмаса да, өзі барып тексеріс жүргізеді. Ал сіз енді ғана кесте құрып болдыңыз, - деді Қошанов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға