Жаңалықтар

Президент: Аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр

Президент: Аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр
Фото: ТЖМ 12.04.2024 14:18 347

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы қазіргі ахуал туралы сөз етті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы, алдымен еліміздегі қазіргі ахуалға тоқталып өттті.

Жағдайды көріп, біліп отырсыздар, аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр. Көптеген елді мекенді қарғын су басты. Жалпы ахуал өте күрделі. Қазір Үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр. Тиісті тапсырмаларды бердім, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Табиғаттың тосын мінезінен басқа да елдер зардап шегуде. Әлемнің әр түкпірінде жер сілкінісі, өрт, су тасқыны болып жатыр. Бір сөзбен, жаһандық климат өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті. 1980-1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3700-ден асқан. Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейді. Жартысына жуығы – суға қатысты апаттар. Әрине, бұл – бүкіл адамзатқа төніп тұрған өте үлкен қатер. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – бұл міндетті іске асырудың бірден-бір жолы, - деді Тоқаев. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанын жеткізді.

Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек.

Ал су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс, - деді Президент. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға