Жаңалықтар

«Пошташылар 30 мың, департамент директорлары 700 мың жалақы алады». Депутат «Қазпоштаны» сынға алды

«Пошташылар 30 мың, департамент директорлары 700 мың жалақы алады». Депутат «Қазпоштаны» сынға алды
Фото: © El.kz 27.09.2023 17:52 18257

Депутат Мақсат Толықбай «Қазпошта» қызметін ауылдарға газеттерді дер кезінде жеткізбейді деп сынға алды. Ол сондай-ақ 30 мың жалақы алып отырған пошташылардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Пошташылардың жалақысы 146 мың дедіңіз. Неге сүйеніп айттыңыз? Жаңа ғана ватсап арқылы хабарластым. ШҚО-дағы бір ауылда пошташыларға «Қанша аласыздар?» десем, «30 мың аламыз» дейді. Осы жалақыны алу үшін қандай қызмет көрсетесіздер десем, «газет таратамыз, зейнетақыны береміз, қосымша жөнелтілімдер, хабарламалар, мұғалімдердің жалақысын таратамыз» дейді. 30 мың теңге шайдың пұлына да жетпейді, - деді ол.

«Қазпошта» төрағасы Әсел Жанасова мұндай жалақы алатын қызметкерлері бар екенін растады.

30 мың жалақы бізде бар. Мен мұны мойындаймын. Ауылдарда аптасына екі сағат ғана жұмыс істейтін қызметкерлеріміз бар. Қанша уақыт жұмыс істейді, жалақысы сағатына байланысты болады. Ал 146 мың алатындар 9-дан 6-ға дейін жұмыс істейді, - деді ол.

Әсел Жанасова «Мекемедегі директорлардың орташа жалақысы қанша?» деген сұраққа да жауап берді.

«Самұрық-Қазынаға» қарасты компанияларда департмент директорларының жалақысы бірдей - 700 мың теңгенің айналасында, - деді ол.

Сондай-ақ депутат компанияның ақшаны қайда жіберіп жатқанының есебін сұрады.

Қаржы жетпей жатқан шығар дейін десем, 8 айдағы табыс – 58 млрд теңге. Осы қаржыны не істеп жатсыздар? «Самұрық-Қазынаға» қайтарып бересіздер ме? Миллиардтарды өздеріңіз сыйақы қылып бөліп алып жатсыздар ма? Мемлекет субсидия беріп отырғаннан кейін есебін білуіміз керек секілді, - деді ол.

Жанасованың айтуынша, бұл жалақаны көтеру мен жөндеуге кетеді.

Тапқан табысты қайда жұмсаймыз? Жалақыны 15-25%-ға көбейту үшін бізге 10,2 млрд қосымша ақша керек. Ол ақшаны қайдан аламыз? Тапқан табыстан береміз. Ауылдардағы бөлімшелерді жөндеуге 25 млрд теңге қажет, - деді

Сондай-ақ депутат тоз-тозы жеткен пошта бөлімшелері туралы айтты.

Алматы облысында Талғар маңындағы елді мекенге бардым. Мал қорадан жаман. Сол жердегі поштаны ауыстырмасақ болмайды, - деді ол.

Ол сондай-ақ «Қазпоштаны» монополия деп атады.

Хат-хабар жеткізу саласындағы жалғыз монополия «Қазпошта» қызметі болып тұр. «Қарғайын десем, жалғызым, Қарғамайын десем, жалмауызым» дегеннің кері келді. Бәсекелес те жоқ, таңдау да жоқ. Монополия болып отыр, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға