Портфолио дәуірі аяқталды ма? Педагогтерге жаңа талаптар қойылды

 gov.kz
Фото: gov.kz

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау жүйесі қайта қаралып, мұғалімдерге түсетін артық жүктемені азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі аттестаттау тетіктері педагогтерге негізсіз артық салмақ түсіріп отыр. Атап айтқанда, тестілеуге ұзақ дайындалу, портфолио жинақтаудың күрделілігі және авторлық материалдардың практикалық маңызына қатысты талаптар мұғалімнің негізгі міндеті – сапалы білім беруге кедергі келтіреді.

Осыған байланысты аттестаттау жүйесі оңтайландырылып, артық талаптар қысқартылады. Енді педагогтің кәсіби деңгейі тек тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы мен білім сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланбақ.

Жаңашылдықтардың бірі – педагогтер үшін міндетті пәндік тестілеудің алынып тасталуы. Бұл талап тек педагогикалық қызметке жаңадан келген мамандарға, жұмысын қайта бастаған мұғалімдерге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен әдіскерлеріне ғана сақталады.

Сонымен қатар педагог кадрларды даярлау жүйесінде де өзгерістер қарастырылған. Жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде тест нәтижелерімен қатар арнайы емтихандарды қамтитын аралас бағалау моделіне көшу жоспарлануда. Бұдан бөлек, педагогикалық мамандықтарға қойылатын талаптар күшейтіліп, шекті балл 75-ке дейін көтерілген.

Аттестаттау талаптары да жеңілдетілді. Енді эссе жазу, ғылыми мақала жариялау және авторлық бағдарламалар әзірлеу міндетті болмайды. Бұл мұғалім еңбегін қағазбастылықтан арылтып, нақты нәтижеге бағыттауға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды өзгеріс – аттестаттау процесін толық цифрландыру. Барлық рәсім «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізіледі. Бұл құжат айналымын азайтып, процестің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Вице-министрдің сөзінше, жаңа жүйе педагогтердің кәсіби еркіндігін кеңейтіп, олардың шығармашылық және әдістемелік әлеуетін толық іске асыруына жағдай жасайды.

Сондай-ақ қолданыстағы тәртіпке сәйкес, белгіленген талаптарды орындаған педагогтерге тиісті біліктілік санаты бойынша қосымша ақы жаңа оқу жылының басынан бастап төленеді. Ал алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған ұстаздарға қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.

Жаңартылған аттестаттау моделі пилоттық режимде енгізіледі. Қазіргі уақытта тиісті құжат жобасы келісу сатысында. Алдағы уақытта педагогтерге кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бұған дейін аттестация тоқтауына байланысты мұғалімдердің санаты мен жалақысына қатысты өзгерісті жазған едік. 

Оқи отырыңыз