Жаңалықтар

Полиция жол апаты болған жерді тастап кеткендерге қандай жаза қолданылатыны туралы айтты

Полиция жол апаты болған жерді тастап кеткендерге қандай жаза қолданылатыны туралы айтты
Фото: © Polisia.kz 07.09.2023 16:38 706

Астанада жыл басынан бері 22 406 жол апаты болды. Оның ішінде 2 817 жағдайда жүргізушілер жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен. Алайда барлығы анықталып, жауапқа тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жүргізушілер жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінбейді. Асығыстық танытып, өзге көлікті соғып өткенін байқамай, оқиға орнынан жасырынуға тырысады. Осылайша өз әрекетінің ауыр зардаптарға әкелетінін ескермейді. Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал зардап шеккендер немесе қаза тапқандар болған жағдайда қылмыстық жаза көзделеді.

Биыл сегіз айда елордада жол апатын жасағаны үшін 28 автокөлік иесі ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша жүргізуші куәлігінен айырылды. Сонымен қатар 24 жүргізуші ӘҚБтК-нің 611-бабының 2-бөлігі бойынша жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалуына байланысты көлік басқару құқығынан айырылды.

Көлік тізгіндеген әрбір жүргізуші өзінің де, өзгенің де өмірі үшін жауапты. Сондықтан жол жүрісі қағидасын сақтауға шақырамыз. Жол қателіктерді кешірмейтінін естен шығармаңыздар, – деді Астана қаласының полиция департаменті.

Егер сіз жол-көлік оқиғасына себепкер болсаңыз немесе басқа біреудің көлігін соғып кетсеңіз, автокөлікті тоқтатып, оқиға орнынан қозғалмаңыз, жарық белгісін қосып, жол апаты туралы арнайы белгіні қойыңыз. Сонымен қатар болған жағдайды полицияға хабарлауды ұмытпаңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға