Пол Маккартнидің байлығы 1,4 млрд долларға жетті: ол әлемдегі ең қалталы музыканттар үштігіне енді

Пол Маккартнидің байлығы 1,4 млрд долларға жетті: ол әлемдегі ең қалталы музыканттар үштігіне енді
Фото: Dimitrios Kambouris / Getty Images for The Rock and Roll Hall of Fame Пол Маккартни

The Beatles тобының негізін қалаушылардың бірі Пол Маккартнидің байлығы 1,4 миллиард долларға жетті. Осылайша, ол әлемдегі ең бай музыканттардың үштігіне қосылды. Мұндай есепті Forbes журналы жариялады.

Дәулет жағынан 84 жастағы Маккартнидің алдында тек рэпер Jay-Z мен әнші Тейлор Свифт тұр. Forbes дерегінше, Jay-Z-дің байлығы 2,8 миллиард доллар болса, Тейлор Свифттің дәулеті 2 миллиард долларға бағаланған.

Forbes жазуынша, Маккартнидің табыс көздерінің негізін 1969 жылы, The Beatles тобы тарамай тұрып құрылған MPL Communications компаниясы құрайды. Бұл компания музыкантқа жеке шығармашылығы мен жазбаларына қатысты құқықтарды бақылауға және олардан түсетін табыстың басым бөлігін алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Маккартни музыкалық каталогтар инвестицияның танымал түріне айналмай тұрып-ақ өзге орындаушылардың әндеріне құқық сатып ала бастаған.

Маккартни ақшаға аса мән бермейтінін, тіпті көп нәрсе ұсына алмайтынын айтқан әндерін орындаған кезден бері алты онжылдық өтті. Осы уақыт ішінде ол ән жазып, соттасып, қарсы талаптар қойып, гастрольдік сапарларға шығып, тынымсыз еңбек ету арқылы 1,4 миллиард доллар байлық жинады, – деп жазады Forbes.

Маккартни сатып алған музыкалық мұралардың қатарында Бадди Холлидің әндер каталогы, Бродвей мюзиклдерінің музыкасы және Рождествоға арналған композициялардың құқықтары бар. Олардың арасында It’s Beginning to Look a Lot Like Christmas, The Christmas Song және Baby, It’s Cold Outside әндері кездеседі.

Журнал мәліметінше, MPL компаниясы мыңдаған әннің құқығына иелік етеді. Forbes бағалауынша, компанияның жылдық табысы ондаған миллион доллар болуы мүмкін, ал құны кемінде 250 миллион долларға жетеді.

Маккартнидің тағы бір табыс көзі – The Beatles тобына тиесілі Apple Corps холдингі. Көпжылдық сот даулары мен дыбыс жазу компанияларымен жасалған келісімдерді қайта қарау нәтижесінде музыкант стриминг қызметтеріндегі тыңдалымдардан, винил пластинкаларының сатылымынан және топтың символикасы бейнеленген тауарлардан жыл сайын 50 миллион доллардан астам табыс алады.

Apple Corps компаниясының төрттен бір үлесі Маккартниге, Ринго Старрға, сондай-ақ Джон Леннон мен Джордж Харрисонның мұрагерлеріне тиесілі. Forbes әр үлестің құнын 150 миллион доллардан жоғары бағалап отыр.

Бұдан бөлек, Forbes Маккартнидің The Beatles тобы үшін өзі жазған әндерге тиесілі авторлық құқықтарын да есепке алған. АҚШ-та бұл құқықтарды қайтару жолындағы күрестен кейін олар музыкантқа жыл сайын кемінде 10 миллион доллар табыс әкеледі. Ал құқықтардың жалпы құны кемінде 200 миллион доллар деп бағаланады.

2024 жылдың мамырында The Times газеті Маккартниді Ұлыбританиядағы алғашқы миллиардер музыкант деп атаған болатын. Сол кезде басылым музыкант пен жұбайы Нэнсидің ортақ байлығын 1 миллиард фунт стерлингке, яғни шамамен 1,27 миллиард долларға бағалады. Газет оның дәулетінің артуына тұрақты гастрольдік сапарлары мен Бейонсенің Cowboy Carter альбомына енген The Beatles тобының Blackbird әнінің жаңа нұсқасы да әсер еткенін атап өтті.

2017 жылдың қаңтарында Маккартни Sony/ATV компаниясына қарсы сотқа жүгінді. Ол 1962-1971 жылдар аралығында жеке өзі немесе Джон Леннонмен бірге жазған әндерінің авторлық құқықтарын қайтаруды талап етті. Музыкант АҚШ заңнамасына сүйенген. Бұл заң авторларға бұрын басқа тарапқа берілген құқықтарды белгілі бір мерзім өткен соң кері қайтаруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз