Плей-офф жалғасады: Бүгін алаңға Норвегия, Франция және Мексика шығады

 Getty Images
Фото: Getty Images

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңі жалғасып жатыр. Бүгін 1/16 финал аясында үш тартысты матч өтеді. Алаңға Кот-д'Ивуар мен Норвегия, Франция мен Швеция, сондай-ақ Мексика мен Эквадор құрамалары шығады.

Кот-д'Ивуар – Норвегия: ширек финалға жол үшін тартыс

Ойын күнін Кот-д'Ивуар мен Норвегия құрамалары ашады. Бұл жұптың жеңімпазы 1/8 финалда Бразилиямен кездеседі. Айта кетейік, бразилиялықтар алдыңғы кезеңде Жапонияны тек қосымша уақыттағы соңғы минуттарда соғылған Габриэл Мартинеллидің голының арқасында жеңген болатын.

Кот-д'Ивуар құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Африкалық команда Е тобында алты ұпай жинап, Эквадорды жеңді, Германиядан тек матч соңында жіберген голдың кесірінен ұтылып, шешуші турда Кюрасаоны сенімді түрде тізе бүктірді.

Команданың басты артықшылығы – физикалық қуаты, жоғары жылдамдығы және алаңның әр бөлігіндегі табанды күресі.

Норвегия да турнирде сәтті өнер көрсетіп келеді. Столе Сольбаккеннің шәкірттері Ирак пен Сенегалды жеңіп, мерзімінен бұрын плей-оффқа жолдама алған еді. Франциядан жеңілуі құрамдағы ротациямен байланысты болды. Енді Эрлинг Холанд бастаған көшбасшылар сапқа қайта қосылады деп күтіліп отыр. Ойын Астана уақытымен 22:00-де басталады.

Фото: Getty Images

Франция фаворит саналады

Күннің екінші матчында Франция құрамасы Швециямен кездеседі. Дидье Дешамның командасы топтық кезеңді мінсіз өткізді. Француздар Сенегал, Ирак және Норвегияны жеңіп, барлық тоғыз ұпайды иеленді. Әсіресе соңғы турда Норвегияны ірі есеппен ұтып, чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Швеция болса плей-оффқа үшінші орынмен өтті. Скандинавиялықтар турнирді Тунисті ірі есеппен жеңуден бастағанымен, кейін Нидерландтан дәл сондай есеппен жеңіліп, соңғы турда Жапониямен тең түсті.

Швецияның шабуыл әлеуеті жоғары болғанымен, қорғаныстағы тұрақсыздығы Францияға қарсы матчта үлкен мәселе болуы мүмкін. Бұл кездесудің жеңімпазын 1/8 финалда сенсация жасап, Германияны пенальти сериясында жарыстан шығарған Парагвай күтіп тұр. Еуропалық ұжымдардың ойыны 1 шілдеге қараған түні сағат 02:00-де басталады.

Фото: Agustin Cuevas/Stringer/Getty Images Sport 

Мексика өз жанкүйерлері алдында ойнайды

Ойын бағдарламасын Мексика мен Эквадор құрамаларының кездесуі түйіндейді. Турнир қожайындарының бірі саналатын Мексика әйгілі «Ацтека» стадионында өнер көрсетеді. Өз жанкүйерлерінің қолдауы бұл команда үшін маңызды артықшылық саналады.

Мексикалықтар топтық кезеңде үш матчтың үшеуінде де жеңіске жетіп, бірде-бір гол жіберген жоқ. Олар өз тобында бірінші орын алып, плей-оффқа сенімді түрде өтті.

Эквадор керісінше турнирді сәтсіз бастаған еді. Команда Кот-д'Ивуардан жеңіліп, Кюрасаомен тең ойнады. Алайда соңғы турда Германияны 2:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының ең әсерлі камбэктерінің біріне қол жеткізді және үшінші орынмен плей-оффқа шықты.

Мексика тәртіпке негізделген қорғаныс пен ойын қарқынын бақылауға сүйенсе, Эквадор қарымта шабуылдарға иек артып, Германияға қарсы кездесудегі батыл ойынын қайталауға тырысады. Бұл жұптың жеңімпазы келесі кезеңде Англия мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы матчтың үздігімен кездеседі. Матч 1 шілдеге қараған түні сағат 06:00-де басталады.

Еске салайық, бұған дейін Германия Парагвайдан жеңіліп, ал Бразилия Жапониядан басым түскен еді.

Оқи отырыңыз