2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан плей-офф кезеңі қыза түсті. Бүгін, 1 шілде, сондай-ақ 2 шілдеге қараған түні 1/16 финалдың тағы үш кездесуі өтеді. Күн тәртібінде Англия – Конго ДР, Бельгия – Сенегал және АҚШ – Босния және Герцеговина матчтары бар. Барлық кездесулер Астана уақытымен тікелей эфирде көрсетіледі.
Англия – Конго ДР: фаворитке тарихи сынақ
2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Англия құрамасы турнирдің басты сенсацияларының бірі – Конго Демократиялық Республикасымен кездеседі. Томас Тухельдің шәкірттері топта бірінші орын алғанымен, олардың ойыны көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ. Ал Конго құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығып, тағы бір тосын нәтиже көрсетуге ниетті.
Англия турнирді Хорватияны 4:2 есебімен жеңіп, жарқын бастады. Алайда кейін Ганамен тең түсіп (0:0), Панаманы тек матч соңындағы екі голдың арқасында ұта алды (2:0). Сонымен қатар ағылшындардың қорғаныстың оң қапталында кадрлық мәселелері бар. Соған қарамастан, Деклан Райстың негізгі құрамға қайта оралуы команда үшін жағымды жаңалық саналады.
Тағы бір қызық дерек – Томас Тухель баптайтын Англия құрамасы әзірге Африка командаларын жеңе алған жоқ. Әлем чемпионаты қарсаңында Сенегалдан 1:3 есебімен жеңілсе, топтық кезеңде Ганамен тең ойнады.
Конго Демократиялық Республикасы болса, тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Африкалық команда топтық кезеңде Португалиямен тең түсіп (1:1), Колумбиядан жеңілгенімен (0:1), шешуші кездесуде Өзбекстанды 3:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Бас бапкер Себастьян Дезабр плей-оффта негізгі құрамдағы бірқатар ойыншыларын қайта шығарады деп күтілуде. Команданың басты үміті – топтық кезеңде үш гол соққан шабуылшы Йоан Висса. Сонымен қатар Конго құрамасы фавориттерге қарсы бес қорғаушымен ойнайтын тактиканы сәтті қолданып келеді.
Қағаз жүзінде фаворит – Англия. Алайда Конго Демократиялық Республикасы турнирдегі сенсациялық жорығын жалғастыруға дайын екенін дәлелдеп үлгерді. Сондықтан бұл кездесу плей-оффтың ең қызықты матчтарының біріне айналуы мүмкін. Ойын сағат 21:00-де басталады.
Бельгия – Сенегал: тәжірибе мен мінез текетіресі
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Бельгия құрамасы Сенегалмен кездеседі. Бельгиялықтар өз тобында бірінші орын алғанымен, ойын сапасы жанкүйерлердің көңілінен толық шыққан жоқ. Ал Сенегал топтық кезеңді қиын бастағанына қарамастан, соңғы сәтте плей-оффқа жолдама алып, фаворитке қарсылық көрсетуге дайын.
Руди Гарсия баптайтын Бельгия құрамасы Египет, Иран және Жаңа Зеландиямен бір топта өнер көрсетіп, күткендей бірінші орынға ие болды. Алайда алғашқы екі кездесуде команда сенімді ойын көрсете алмады. Тек соңғы турда Жаңа Зеландияны 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, өз мүмкіндігін толық паш етті. Сол матчта Кевин де Брюйне мен Ромелу Лукаку мергендер қатарына қосылса, Леандро Троссар кездесудің үздік ойыншысы атанып, хет-трик жасауға бір табан жақын болды.
Плей-оффта Гарсия сақтыққа көбірек мән беруі мүмкін. Жаңа Зеландияға қарсы шабуылға басымдық берген бельгиялықтар бұл жолы қорғанысты күшейтіп, қарсыластың қарымта шабуылдарын тоқтатуға тырысады. Дегенмен команданың басты мәселесі – қорғаныс шебі. Соңғы уақытта бельгиялықтар өз деңгейі төмен қарсыластардың өзінен гол жіберіп жүр. Қақпада тәжірибелі Тибо Куртуа тұрғанына қарамастан, қорғаныстағы сенімділік әлі де алаңдатады.
Сенегал үшін топтық кезең өте ауыр өтті. Алғашқы екі турда Франция мен Норвегиядан жеңілген «Теранга арыстандары» жарыстан шығып қалудың аз-ақ алдында болды. Алайда соңғы турда Ирак құрамасын 5:0 есебімен тас-талқан етіп, үш ұпаймен плей-оффқа шыққан жалғыз команда атанды.
Шешуші ойын алдында Сенегал сапына негізгі қақпашы Эдуар Менди қайта оралуы мүмкін. Сондай-ақ тәжірибелі қорғаушы Калиду Кулибали мен соңғы кездесуде дубль жасаған Пап Гуйенің негізгі құрамда шығуы ықтимал. Шабуылда Николас Джексонға үлкен үміт артылып отыр.
Алайда Сенегал құрамасының алаңнан тыс мәселелері де аз емес. Бас бапкер Пап Тиавтың келісімшарт жағдайы, ойыншылардың дайындық базасы мен тұрмыстық жағдайға қатысты шағымдары команданың ішкі ахуалына әсер еткені байқалады. Сарапшылар мұндай факторлар турнирдегі нәтижеге де ықпал етуі мүмкін екенін айтып жүр.
Құрам сапасы мен тәжірибесі жағынан Бельгия фаворит саналғанымен, Сенегалдың мінезді ойыны мен жылдам шабуылдары бұл кездесуді өте тартысты етуі мүмкін.
АҚШ – Босния және Герцеговина: сенсация жалғаса ма?
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында турнир қожайындарының бірі – АҚШ құрамасы Босния және Герцеговинамен кездеседі. Америкалықтар топтық кезеңде сенімді ойын көрсетіп, өз тобында мерзімінен бұрын бірінші орын алса, босниялықтар әлем чемпионатында алғаш рет плей-офф кезеңіне жолдама алып, тарихи жетістікке қол жеткізді.
АҚШ құрамасы турнирді Парагвайды 4:1 есебімен ойсырата жеңуден бастады. Бұл америкалықтардың әлем чемпионаттарындағы 1930 жылдан бергі алғашқы ірі жеңісі болды. Кейін Австралияны 2:0 есебімен ұтып, плей-офф жолдамасын ерте қамтамасыз етті. Сондықтан топтағы соңғы ойында бас бапкер Маурисио Почеттино негізгі құрамның бірқатар ойыншысына демалыс беріп, Түркияға қарсы матчта тоғыз өзгеріс жасады. Соған қарамастан АҚШ соңғы секундтарда гол жіберіп алып, 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Плей-оффта америкалықтар негізгі құрамын қайта шығарады деп күтілуде. Жарақатынан айыққан Кристиан Пулишич алғашқы минуттардан алаңға шығуы мүмкін. АҚШ құрамасы әзірге әлем чемпионатындағы әр матчта кемінде екі гол соғып келеді. Топтық кезеңде сегіз рет мергендік танытқан команда бұл көрсеткіш бойынша тек Германия, Нидерланд және Франциядан ғана қалып отыр. Почеттино шәкірттері позициялық шабуылда да, қарымта шабуылда да, стандартты жағдайларда да қауіпті ойын өрнегін көрсете білді.
Ал Босния және Герцеговина өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Сергей Барбарез жаттықтыратын ұжым алғашқы турда Канадамен 1:1 есебімен тең ойнап, кейін Швейцариядан 0:4 есебімен жеңілді. Алайда бұл есеп ойын барысын толық көрсете алған жоқ, өйткені босниялықтар 80-минутқа дейін тең есепті ұстап тұрды. Шешуші кездесуде Қатарды 3:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Плей-офф алдында Босния сапына негізгі қорғаушылар Тарик Мухаремович пен Амар Дедич қайта қосылды. Осылайша команда маңызды матчқа оңтайлы құраммен дайындалуда.
Босния шабуылда тұрақты нәтиже көрсеткенімен, қорғаныста қиындықтарға тап болып жүр. Команда ресми кездесулерде ұзақ уақыттан бері голсыз кетпегенімен, әлем чемпионатындағы жіберген голдарының басым бөлігін матчтардың соңғы жиырма минутында өткізді. Бұл ойын соңына қарай физикалық дайындықтың төмендеуін аңғартады.
Қағаз жүзінде кездесудің фавориті – АҚШ. Дегенмен тарихи жетістікке жеткен Босния және Герцеговина тағы бір сенсация жасауға тырысады. Сондықтан плей-оффтағы бұл матч жанкүйерлерге тартысты футбол сыйлауы әбден мүмкін.