Пластиктен – энергияға, қалдықтан – құрылысқа: Астанада жас экологтар ерекше жобаларын таныстырды

 Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Астанада «CYCLELAB: Болашақ экологиясы» студенттік жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылған байқау Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарынан 16-30 жас аралығындағы колледж және жоғары оқу орындарының студенттерін біріктірді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қатысушылар алты негізгі бағыт бойынша өз жобаларын ұсынды: қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары, бөлек жинау шешімдері, ақылды сұрыптау жүйелері, экологиялық қаптама дизайны, цифрлық логистика құралдары және экологиялық ағартушылық бастамалар.

Финалға өткен командалар қалдықтарды басқару саласындағы инновациялық әрі тәжірибеге бағытталған шешімдерін таныстырды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 3 700 000 теңгені құрады.

Жеңімпаздар:

1-орын (1 500 000 теңге) – «ReLife» жобасы

Астана медицина университеті командасы: Диас Егимбаев және Абылай Күмісбек.

Жоба медициналық пластик қалдықтарды құрылыс материалдарына айналдыруға бағытталған ESG-инициатива ретінде ұсынылды. Ол медициналық қалдықтардың көбеюі мен оларды кәдеге жаратудың қымбат әрі экологияға зиянды тәсілдерін азайтуды көздейді.

2-орын (600 000 теңге) – «DualValue Carbon» жобасы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенті Сүлеймен Бақытов.

ПЭТ-пластикті натрий-селен аккумуляторларына арналған көміртекті материалға айналдыру технологиясы ұсынылды.

2-орын (600 000 теңге) – «EcoKids» жобасы

Назарбаев Университеті студенті Жасұлан Төлеубеков.
Балаларға арналған экологиялық білім беру платформасы мультфильмдер, бейне және подкасттар арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат етеді.

3-орын (500 000 теңге) – «Coil Soil» жобасы

Қарағанды ұлттық зерттеу университеті командасы: Юлия Куликова және Виолетта Гапич.
Жоба күл мен өсімдік қалдықтарын органоминералды компостқа айналдырып, топырақ сапасын жақсартуға бағытталған.

3-орын (500 000 теңге) – «QarEnergy» жобасы

Еуразия ұлттық университеті командасы: Гүлназ Ыдырыс, Самира Ахметова, Айдана Ақпарова.

Қар мен қоршаған орта арасындағы температура айырмашылығын пайдаланып электр энергиясын өндіру жүйесі ұсынылды.

Оқи отырыңыз