
ПХЭФ-2025: Ербол Мырзабосынов жаһандық спорттың маңызы туралы еліміздің көзқарасын білдірді
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық экономикалық форумда «Спорт – әмбебап диалог тілі» сессиясына қатысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аталған сессияда Қазақстаннан бөлек, Беларусь, Ресей, Сербия және Индонезия елдерінің спорт саласына жауапты басшылары басқосты. Сессия барысында Ербол Мырзабосынов спорт тек жүлде мен телетрансляция ғана емес, сонымен қатар білім, технология, кадр даярлау, қоғамды біріктіру, елдің халықаралық беделін арттыру және экономикалық өсімнің қуатты құралы екенін атап өтті.
Кейінгі екі жылда Қазақстанда 15-тен астам халықаралық турнир өтті. Тек 2025 жылдың алғашқы жартысында елімізде бірнеше ірі жарыстар ұйымдастырылды. Олардың қатарында олимпиадалық және ұлттық спорт түрлері де бар. Бұл Қазақстанды жаһандық спорт үшін сенімді серіктес ретінде көрсетіп, жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашты. Біз шетелдік жаттықтырушыларды белсенді түрде тартып, заманауи әдістемелерді енгізіп, тәжірибе алмасуға қолайлы орта қалыптастырып жатырмыз. Бұған қоса, ұлттық спорт түрлеріне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Ұлттық спорт – ұлттың мәдени кодының бір бөлігі әрі ұрпақтар сабақтастығының дәнекері. 2024 жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп, әлемнің 90-ға жуық елінен спортшылар қатысты. Бұл ойындар өзара құрметтің, достықтың және ортақ болашақтың символына айналды, – деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр Қазақстан жаңа форматтағы ынтымақтастыққа дайын екенін, елімізде заманауи инфрақұрылым, кәсіби команда және халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізу тәжірибесі бар екенін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, 2027 жылы Қазақстанда дзюдо, үстел теннисі және нысана көздеуден әлем чемпионаттары өтеді. Ал 2028 жылы ауыр атлетикадан әлем біріншілігі ұйымдастырылады. Бұған қоса, 2026 жылы Астана «Болашақтың ойындарын» қабылдайды. Бұл – спорт пен технологияны тоғыстыратын халықаралық жарыс.