Жаңалықтар

Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар облыс әкімімен кездесті

Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар облыс әкімімен кездесті
Фото: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі 14.04.2024 01:36 423

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

СҚО-да Заречный және Былғары кентінің, Ойқаланың, Тепличное, Прибрежное және Бескөл ауылдарының тұрғындары уақытында эвакуацияланды.

Ең бастысы, бәрі аман. Өйткені адамның өмірі бірінші орында. Мемлекет басшысы зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды, - деді өңір басшысы кездесу барысында. 

Ереже бекітіліп, комиссиялар құрылды. Барлығы толық өтемақы алады. Бұл облыстың тарихындағы ең алапат су тасқыны. Барлығы үшін қиын сынақ.

Қаламызды табиғи апаттан қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Дегенмен, биыл бізге мол су келді, әлі де келіп жатыр. Су тасқынымен күресу үшін барлық шаралар жасалуда, - деді СҚО әкімі.

Сонымен қоса, кеше облыс орталығы сусыз қалды. Өңір басшысы мұздың қатты жылжуы салдарынан бірінші көтергіш сорғы станциясындағы төрт қуат желісі жойылғанын атап өтті. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасы бойынша қосымша сумен қамту желісі іске қосылды. Үйлердегі судың қысымы бірте-бірте көтерілуде. Қаладағы су жүйесі қалпына келуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға