Петропавлда «Мағжан орталығы» бой көтереді

Петропавлда «Мағжан орталығы» бой көтереді – қалада ауқымды абаттандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Петропавл қаласында мәдени-ағартушылық бағыттағы «Мағжан орталығының» құрылысы басталды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Тағы бір маңызды жоба — мәдени-ағартушылық бағыттағы “Мағжан орталығының” құрылуы болмақ. Орталықтың жанында жаңа жайлы сквер салынады, ол сөзсіз қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналады, - деп жазды өңір басшысы.
Сонымен қатар, әкім Петропавлда абаттандыру бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылғы су тасқынынан зардап шеккен Ойқала шағын ауданы мен Былғары кентінде 74 сквер салу жұмыстары басталған. Барлық аудан мен қалалық ұйымдардың қатысуымен 2000 ағаш отырғызылып, шағын архитектуралық формалар, жарықтандыру, орындықтар мен серуен жолдары орнатылады. Сондай-ақ екі модульдік спортзал, балалар және спорт алаңдары, футбол мен волейбол алаңдары бой көтереді.
Тағы бір ірі жоба – Қазақстан Конституциясы көшесін қайта жаңғырту. Әкім атап өткендей, бұл көше әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер аймақтарының бірі болмақ. Қазір Астана көшесінен Парковая көшесіне дейінгі бөлікте инженерлік желілерді ауыстыру, көгалдандыру, тас төсеу, сондай-ақ ғимараттардың қасбетін біріздендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Өңір басшысы бұл жобалардың бәрі қала тұрғындарына ыңғайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
