Жаңалықтар

Петропавл тұрғындары «Татарча диктант» жазды

Петропавл тұрғындары «Татарча диктант» жазды
29.10.2018 02:46 1616

Петропавлда  татар-башқұрт ұлтының өкілдері  көп тұрады.

Қызылжар жеріне алғашқы татар көпестері 19 ғасырдың басында қоныс аудара бастаған екен. Топырағы құнарлы, жері мен табиғаты бай өлкеге алдымен Қазан татарларының дәулеттілері көшіп келіп, өз қандастарын шақыра бастапты. Қазір шахардағы тарихи маңызы бар ескі ғимараттардың бәрі дерлік сол дәулетті татар көпестерінің үйлері. Оны үкімет дейгейінде қорғалғаны былай тұрсын, жерілікті билік те жыл сайын реставрациялық жұмыстар жасап, көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Мысалы, татар көпесі Янгуразовтың үйі халық арасында «қалыңдық үйі» деген атпен танымал. Биыл ғана Оралдың шеберлерінің арқасында бұл ғимарат жана кейіпке енді.  Қазір ол жерге жергілікті  мешіт медресе ашып, балаларды  имандылыққа баулып жүр. Ғимарат айналасындағы аңызға сенсек, татар көпесі Янгуразовтың ұлы Мәскеуде тұратын  бір сұлуға ғашық болыпты.

Алайда, тәкаппар ару тек Мәскеудегі өз әкемнің үйіндей ғана баспанада тұрамын деп шарт қойған екен. Сонда көпестің ұлы Италиядан сәулетшілер алдырып, тура сол ғимараттай үйді тұрғызған екен. Алайда,  мәскеулік сұлу ақыры Қызылжар көпесінің ұлына тимепті. Есесіне теріскей жеріне тамаша  сәулет туындысы естелікке қалды.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында он мыңға жуық татар ұлтының өкілдері тұрады. Олар өз тілін, ділін, әдет ғұрыптарын көздерінің  қарашығындай қорғайды. Жуырда ғана олардың бәрі дерлік Дүнижүзілік ағарту шарасы аясында ұйымдастырылған «Татарча диктант» шарасына атсалысты. Әлем деңгейінде өтетін бұл шараға осы жылы 20 мемлекет атсалысыпты. Петропавлдағысына 35 адам қатысты. Олардың ең жасы 9 жастағы оқушы болса, ең егдесі – 77 жасар зейнеткер.

Петропавлда бұл шараны «Дуслық» татар-башқұрт мәдени орталығы ұйымдастырды. Татар тіліндегі мәтінді ағарту ісінің ардагері Фаузия Файзуллина  оқыды.

Фаузия Шарифулловна әлдеқашан зейнет жасына жетсе де, осы уақытқа дейін жас буынға өзінің білгенін үйлеріп, тәжірибесімен  бөлісіп, ниет еткен жандарға татар тілінен тәлім беріп келеді.

Ұымдастырушылардың айтуынша, бұл шара Қазақстанда татар тілін  кеңінен насихаттауға, татар ұлтының жастары өз тілінде сауатты жазуына ықпал етпекші екен. Кейбір отбасылар бұл диктант жазуға  бүтін  жанұсымен тайлы тұяғы қалмай келіпті.

Осы жолы диктант мәтіні ретінде биыл 110 жылдығын тойлап отырған татар ұлтының белілі драматургы Абдулла Әліштің "Нечкәбил" шығармасынан үзінді алынды. Қазақсанда татар тілінде диктантты 9 қаланың халқы жазды.

Гүлмира СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға