Жаңалықтар

«Петропавл-Шымкент» әуе қатынасы қалпына келтірілді

«Петропавл-Шымкент» әуе қатынасы қалпына келтірілді
Фото: gov.kz 14.09.2024 11:02 353

Көлік министрі Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Көлік министрі Марат Қарабаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында бірінші кезекте өңірдегі орташа жөндеу жұмыстарын орындауға жауапты мердігер ұйымдармен кеңес өткізді. Президент бүкіл ел бойынша кемінде 10 мың шақырым жолды қамтитын автожолдарды орташа жөндеу бағдарламасын кеңейтуді және жұмыстардың сапасын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. 

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында «Чистополье-Ақмола обл. шекарасы» (М36 трассасы), «Көкшетау-Омбы», «Сергеев-Новоишимск», «Петропавл-Құрған», «Жезқазған-Петропавл», «Мамлют-Қостанай», «Булаево-Возвышенка-Молодогвардейское-Қиялы-Рощинское-Корнеевка-Волошинка» және «Тимерязев-Сергеев- Қостанай обл. шекарасы» жолдары жөндеуден өтеді. Бұл күре жолдардың кейбір учаскелерінде жөндеу жұмыстары 30 жыл бойы жүргізілмеген. 

Өңір халқымен кездесу С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ғимаратында өтті. Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаевтың қатысуымен өткен кездесуге 60 адам келді.

Жиын барысында министр өткен жылы халықпен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы ақпаратпен бөлісті. Мысалы, «Петропавл-Шымкент» әуе қатынасы қалпына келтірілді, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап осы бағытта аптасына 2 рейс жүзеге асырылуда. «Петропавл-Алматы» бағытындағы «Тальго» пойызы қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, «Сергеевка-Тимирязев» тас жолында ауыр салмақты көліктерді өлшеудің автоматтандырылған жүйелерін орнатуға қаражат бөлінді, жұмыстар орта жөндеу аясында жүргізіледі, конкурстық рәсімдер іске асырылуда.

Сондай-ақ, өңір тұрғындары ақылы автомобиль жолдарын енгізуге қатысты сұрақтар қойды. Министр ақылы жолдардан жиналған барлық қаражат республикалық жолдарды сапалы күтіп ұстауға және жаңа техника сатып алуға бағытталғанын түсіндірді. Бұған дейін “ҚазАвтоЖол” компаниясы 350 бірліктен астам жаңа арнайы техника сатып алып, жолдарды күтіп ұстау үшін техниканы өңірлерге жіберген болатын. Биыл да қосымша жаңа арнайы техника сатып алу жұмыстары жалғасады. 2026 жылы техниканың жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешіледі.

Барлық өтініш берушілерге толық жауаптар мен түсініктемелер берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға