Перизат Қайраттан тәркіленген қандай көліктер мемлекеттік органдарға берілді

 Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: Коллаж ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Перизат Қайраттан тәркіленген қымбат көліктер құқық қорғау және мемлекеттік органдардың балансына өткізілді.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, мұндай активтер мемлекеттік мекемелерге тек аукционда сатылмаған жағдайда ғана беріледі.

Оның сөзінше, бұл тәжірибе бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни мемлекеттік органдар жаңа қызметтік көлік сатып алудың орнына тәркіленген мүлікті пайдалана алады.

Бұл – бюджет шығындарын азайтуға бағытталған шара. Егер көліктерді аукцион арқылы сату мүмкін болмаса, оларды құқық қорғау және мемлекеттік органдардың пайдалануына беру көзделген. Мұндай құқық заңнамамен бекітілген, – деді Нұрмахан Әділбеков.

Еске салсақ, бұған дейін Перизат Қайраттан тәркіленген 2024 жылы шығарылған қара түсті Mercedes-Benz S450 автокөлігі мемлекет меншігіне өткені хабарланған болатын. Құжаттарға сәйкес, көліктің аккумуляторы отырып қалғандықтан, оның техникалық жағдайын толық тексеру мүмкін болмаған.

Қандай мүлік тәркіленді?

2025 жылдың қыркүйегінде Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттан тәркіленген мүліктердің аукционға шығарылатынын мәлімдеген еді.

Тәркіленген активтердің қатарында Астанадағы Vela Village коттедж қалашығындағы жеке тұрғын үй, сондай-ақ Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold және «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі бірнеше пәтер мен автотұрақ орындары бар.

Сонымен қатар мемлекет меншігіне Mercedes-Benz S450, Lexus LX600, Mercedes-Benz EQE және Haval H6 GT секілді қымбат көліктер өтті. Бұдан бөлек, гүл бизнесіндегі 100 пайыз үлес, 97 миллион теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары тәркіленген.

Тергеу барысында әлемдік брендтердің күннен қорғайтын көзілдіріктері, аяқ киімдері мен түрлі аксессуарлары да мемлекет пайдасына алынған.

Қылмыстық іс қалай басталды?

Перизат Қайрат 2024 жылдың қараша айында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, қайырымдылыққа жиналған қаржының бір бөлігі элиталық жылжымайтын мүлік, қымбат автокөліктер мен шетелдік сапарларға жұмсалған.

Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін ол туыстарын пайдаланғаны анықталды. Іс бойынша оның анасы Ғайни Алашбаева да жауапқа тартылды.

Кейін Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Ал 2025 жылдың наурызында сот шешімімен оның «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық қоры таратылды.

Сот барысында жәбірленушілер қайырымдылыққа әлеуметтік желілердегі жарнамаларға сеніп ақша аударғанын мәлімдеді. Тергеу кезінде тәркіленген мүліктің толық тізімі де жарияланды.

Нәтижесінде сот Перизат Қайратты орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды.

Оқи отырыңыз