Жаңалықтар

Педагог үлгерімі төмен балаларға жеңіл тапсырма беру қателік екенін айтты

Педагог үлгерімі төмен балаларға жеңіл тапсырма беру қателік екенін айтты
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 24.08.2023 11:54 1543

Астанада республика педагогтеріне арналған «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» тақырыбы аясында тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Іс-шараға педагогика саласындағы үздік мамандар жиналды. Отырыстың «Жайлы мектеп: академиялық білім және әлеуметтік-эмоционалды оқыту атты» секциясында «BINOM SCHOOL» басқарушы компаниясының академиялық директоры Арайлым Мағзұмова білім сапасын арттыру үшін басты назарды жақсы оқитын үздік оқушыларға емес, үлгерімі төмен оқушыларға аудару қажет екенін айтады.

Көбіне біз үлгерімі төмен балаларға жеңіл тапсырма беріп қателік жасаймыз. Себебі олардың білім деңгейін жоғарылату үшін қиын тапсырмаларды беріп, үлгерімін жақсартуға болады. Егер үлгерімі төмен балалар жақсы оқитын болса, онда оған сәйкес білім деңгейі де жоғарылай түседі, - деді ол. 

Педагог үлгерімі төмен балаларға жеңіл тапсырма беру қателік екенін айтты

Ал ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі Дамир Қожанбаев сапалы интернет желісі балалардың оқу үлгеріміне әсер ететінін айтты. 

Қазіргі қоғамдағы интернеттің қажеттілігі өте жоғары. Ұстаздар қажетті ақпаратты оқушыларымен бөлісу, бірге жұмыс істеуі үшін сапалы интернет желісі болуы керек, - деді ол. 

Сондай-ақ Дамир Қожанбаев балаларға жайлы мектепті құру үшін алдымен педагогтердің өзіне жайлы жағдай жасау қажет екеніне тоқталды. 

Педагогтер балаларға ғана емес, өзіне де көңіл бөлуі қажет. Барынша бос уақытын отбасына, сүйікті ісіне бөлуі керек. Стреске жол бермей, барынша өзіне жағдай жасауы тиіс. Себебі ұстаздардың жағдайы дұрыс болса, ол оқушыларға да жақсы қарап, сапалы білім бере алады, - деді үйлестіруші.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға